Қоғамның тұрақты дамуы мен елдің тыныштығы ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» екенін ерекше атап өтті. Бұл тұжырым – Қазақстанның болашақ дамуы үшін аса маңызды қағидат. Себебі заңға бағынған, тәртіпті қоғам ғана әділетті әрі қауіпсіз мемлекет құра алады.
Жолдауда заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту басты міндеттердің бірі ретінде көрсетілді. Заң – барлық азаматқа ортақ ереже, ал тәртіп – сол заңның орындалу кепілі. Егер қоғамда заң бәріне бірдей жұмыс істесе, әділетсіздік пен жемқорлыққа жол берілмейді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту қажеттігін де атап өтті. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр адам заңды сақтауды өзінен бастаса, ел ішінде сенім артып, қоғамдық мәдениет жоғарылайды. Жастарға құқықтық тәрбие беру, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру – болашақта берік құқықтық мемлекет құрудың негізгі жолы.
«Заң және тәртіп» қағидаты – еліміздің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы ұстанымы Қазақстанда әділетті, қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған. Заңды құрметтеп, тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың парызы. Осындай ортақ жауапкершілік болған жағдайда ғана Қазақстан өркендеп, болашағы жарқын мемлекетке айналады.
Д.ЖОЛДАСҚАЛИ


