Бүгінгі таңда әлем түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына еніп, адамдардың ойлау жүйесі мен еңбек дағдыларына жаңа талаптар қоя бастады. Осындай жаһандық үдерістерден шет қалмау үшін Қазақстан да заманауи даму жолын таңдап, білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллекттің рөліне тоқталып, ең алдымен мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері бойынша арнайы бағдарламалар мен оқу материалдарын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл бастама – елдің болашағын бүгіннен бастап қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Жолдауда көтерілген бұл мәселе білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазіргі заман оқушылардан тек дайын ақпаратты меңгеруді ғана емес, оны талдап, тиімді пайдалана білуді талап етеді. Жасанды интеллект негіздерін мектептен бастап оқыту оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, цифрлық сауаттылығын арттырады. Сонымен қатар, бұл бағыт оқушылардың жаңа технологияларға деген қызығушылығын оятып, болашақта IT, инженерия, ғылым салаларына бет бұруына жол ашады.
Одан бөлек, жасанды интеллектті дамыту экономиканың түрлі салаларына оң әсерін тигізеді. Білімді, технологияны меңгерген жас ұрпақ – елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты кепілі. Осы тұрғыда мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, оқу бағдарламаларын жаңарту және отандық цифрлық ресурстарды дамыту аса маңызды. Жолдауда айтылған бастамалар жүйелі түрде іске асса, Қазақстан халықаралық деңгейде де өз орнын нығайта алады.
Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген жасанды интеллектті білім беру саласына енгізу мәселесі – уақыт талабынан туындаған, болашаққа бағытталған нақты шешім. Бұл бастама жас ұрпақтың әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің инновациялық даму жолына түсуіне негіз қалайды. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы жүзеге асыру – барша қоғам үшін маңызды. Болашақ білімді де білікті ұрпақтың қолында екені сөзсіз.
Ж.ЖОЛАМАНОВА


