Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Махамбет ауданына жұмыс сапарымен келді. Іссапар кезінде Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарының барысымен танысып, Сарайшық ауылындағы “Сапар орталығы” туристік кешені және Махамбет ауылындағы жаңадан салынған Д.Төленов атындағы орта мектебінің ғимаратында болды. “Өнерпаз” мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Әділ Жұбанов Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарға, жаңадан енгізілген заң талаптары мен халықтың ұсынысына сәйкес жасалған түзетулер мен өзгерістерді атап өтті.
-Ағымдағы жылдың сәуір айынан бері Мәжілістің қарауында 70 Заң жобасы болса, Парламент Сенатына 25 Заң жобасы жіберілді. Мемлекет басшысымен 21 Заң жобасына қол қойылды. Солардың ішінде, маңызды Заң жобаларының бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінен балаларға ақшалай жинақ түрінде мемлекеттен алғашқы көмек беру, атап айтсақ, кәмелеттік жасқа толғанда балаларға тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алу мүмкіндігін береді.
Екіншісі, «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы. Заң жобасы аясында қайтарылған активтерді жинақтау және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құру көзделмек. Құжатта сондай-ақ заңсыз алынған және шығарылған активтерді қайтарудың, оның ішінде оларды мемлекет меншігіне өз еркімен берудің жаңа тәсілдері енгізілді.
Үшіншісі, «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы. Бұл Заңның мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру арқылы азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.
Сонымен қатар, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Кәсіптік біліктілік туралы», «Семей ядролық қауіпсіздік аумағы туралы» Заң жобаларының да қоғам үшін маңызы ерекше.
Қазіргі таңда, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына жетекшілік етудемін. Сонымен қатар, 6 заң жобасының әзірлеу тобының қатарында, аталған Заң жобаларына толықтырулар мен өзгерістер енгіздік. Сонымен қатар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Заң жобасына жұмысшы топтың мүшесі ретінде «Елімізде ірі көмірсутегі кен орындарын игеру кезінде 50 пайыздан асатын үлесті көмірсутек саласындағы ұлттық компаниямызға тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беретін келісімшарттардың болуы міндеттелді. Ендігі жерде геологиялық қорында 100 млн.тоннадан астам мұнайы, 50 млрд.текше метрден астам газы бар барлық кен орындар бірінші кезекте ұлттық компаниялардың қатысуымен игерілетін болады. Және ұлттық компаниялардың келісімшарттардағы үлесі 50 пайыздан жоғары болуы міндетті» деген өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы ісқимыл мәселелері бойынша есірткі құралдарының тізбесіне «азот оксиді» мен «тропикамидті» енгізу туралы ұсыныстар бердім , -деген Әділ Орынбасарұлы одан әрі Атырау облысынан республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған жобалардың қолдау табуы бағытында атқарған жұмыстарын атап өтті. Оның айтуынша, Мәжілістің VIII сайланымының І сессиясында Атырау облысындағы экологиялық мәселелер бойынша, Салықтық әкімшілендіру және сумен қамтамасыз ету, Жайық-Каспий бассейнін нығайту мәселелері, Атырау облысынан бюджеттік алымдарды тоқтату, Қазақстан теміржол қызметіне тексеріс жүргізу, Лудоманияға қатысты, Екінші деңгейлі банктер мен ҚазПоштаға қатысты, Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесі, Халық банкі дивидендтер төлеу туралы, Халықтың қарыз ауыртпалығы туралы 10 жария депутаттық сауал, ал, Мәжілістің VIII сайланымының ІІ сессиясында ең төменгі зейнетақы мөлшерін көбейту бойынша, Атырау облысы бюджетіне қатысты, тау-кен металлургия кешенінен шығатын қалдықтардың техникалық үлестік нормативтерін төмендету туралы, Норд Каспиан Оперейтинг компани экологиялық нормаларын орындау қажеттілігі туралы, Діни идеология туралы, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты, Балық шаруашылығы саласын дамыту және жұмысшылардың еңбекақысын арттыру туралы, Дивидендтік саясаттағы жүйелілік кемшіліктерді қайта реттеу, Салық жеңілдіктері мен қосымша құн салығына қатысты 9 жария депутаттық сауал жолдаған.
-Осы уақыт аралығында Премьер-Министрдің, Премьер-Министрдің орынбасарының, 4 салалық министрдің қабылдауында болып, Атырау облысында шешімін таппай отырған әрі республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін мәселелерді шешуді сұрадым . Жауапты министрліктерге ұсыныстарыммен қоса 60-тан аса депутаттық хат жолдадым.Депутаттық қызметім аясында белсенді жұмыс атқаруға, облыстың, өңірдің проблемалық мәселелерін салалық министрліктерге жеткізіп, шешу бағытында жұмыс жасап жатырмын. Десек те, кейбір тұстарда қолыңның қысқалығы, мемлекеттік қызметте қалыптасып қалған жүйені өзгерту қиынға соғып жатыр. Облыстық, қалалық, аудандық депутаттардан, облыс тұрғындарынан өңірдегі проблемалық мәселелерді шешуді сұраған депутаттық сауалдар көп келіп түседі. Оның бірқатарын, облыстық әкімдікпен, кейбір жағдайларды министрліктермен бірігіп шешіп жатырмыз,-деді депутат. Әділ Орынбасарұлы одан әрі сайлауалды бағдарламасының орындалысына тоқталды.
Аудан тұрғындары тарапынан бірқатар мәселелер көтеріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Кездесуден кейін депутат азаматтардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ