Махамбет ауданында тұңғыш рет «QUIZLAND: Ұстаздар» интеллектуалды сайысы өтті

zh-shugylasy.kz

«Quiz» ойындары – белгілі бір ақпараттарды қорытуға, адамдарға өзіңді дәлелдеуге, мықты екеніңді мойындатуға таптырмас орта. Ой-өрісі мен білімін жетілдіруге ұмтылған әрбір азамат бұл ойыннан сырт айналып өтпейді. Жуырда Махамбет ауданында тұңғыш рет мектеп мұғалімдері арасында «QUIZLAND: Ұстаздар» интеллектуалды сайысы өтті. 14 команда, 70 ойыншының басын қосқан зияткерлік ойын тартысқа толы болды.

Сайыстың өтуіне аудан намысын Атырау қаласында өтетін «Қазақша Quiz» ойынында қорғап жүрген «Алаш» командасының ойыншылары ұйытқы болды. Аудандық білім бөлімінің қолдауымен және «ZeRe» жеке кәсіпкерлігі, «SulMart» отбасылық дүкенінің демеушілігімен өткен сайыс 6 кезеңнен тұрды.

«Оңай» деп аталатын алғашқы кезеңде ойыншылар тест сұрақтарына жауап берді. Екінші кезеңде бір тақырып аясындағы сұрақтар қойылса, үшінші кезеңде сөзжұмбақ шешіп, біраз бастарын «қатырды». 4-кезеңде екі ұпайлық күрделі сұрақтар қойылса, 5-турда ойыншылар қазақтың әні мен киносын қаншалықты білетіндіктерін көрсетті. Шешуші кезең «Тәуекел» деп аталды. Бұл жерде жауап беру арқылы ұпайды еселеуге де, азайтып та алуға болады. Яғни, кезеңнің аты айтып тұрғандай, жауапқа сенімді болса, екі ұпай еншілеуге мүмкіндік бар. Ал қате болса, ұпайынан айырылып қалу қаупі жоғары. Осы жерде командалық жинақы ойын мен сенімділік керек болады.

Нәтижесінде Ақтоғай орта мектебінің директоры Жоламан Ізғали бастаған команда оқ бойы озық шығып, «QUIZLAND: Ұстаздар» интеллектуалды сайысының жеңімпазы атанды. Бірінші орын иегеріне арнайы статуэтка және дипломмен қоса «SulMart» отбасылық дүкенінен 20 мың теңгеге тегін сауда жасауға мүмкіндік сыйлайтын сертификат берілді. Ең қызығы, үш турдан кейін үштікке ілінбеген қос команда соңғы турда ширақ ойын көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Д.Төленов атындағы Махамбет орта мектебінің «DT stars» командасы екінші орынға ие болса, Қызылүй орта мектебінің командасы үшінші орынды қанжығаға байлады. Қос жүлдегерге дипломмен бірге «ZeRe» жеке кәсіпкерлігінің өнімдерін сатып алуға сыйлық сертификат ұсынылды. Сайысқа қатысып, білім деңгейлерін көрсеткен барша командаға алғыс хат табысталды.  

Осы ретте сайысқа демеушілік көрсеткен «SulMart» отбасылық дүкенінің басшысы Ғалымбек Сүлейменов пен «ZeRе» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ақназар Шуақбаевқа алғыс білдіреміз. Аудандық білім бөлімі тарапынан алдағы уақытта бұл сайысты дәстүрлі түрде өткізу туралы ұсыныс айтылды.  

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521