Сала мамандарынан құралған топ Махамбет ауданының ауылдарын аралады.
Акция өз жұмысын Бейбарыс ауылдық округінен бастады. «Жас дәурен» мәдениет үйінде өткен акцияға ауыл тұрғындары белсене қатысты. Топ жетекшісі облыстық прокуратура басқарма прокуроры Оразов Тоқтар Баймұратұлы акция аясында Махамбет ауданында бірқатар ведомстволардың прокуратура, полиция, қылмыстық атқару жүйесі, экономикалық тергеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экология, мемлекеттік кірістер департаменті, еңбек инспекциясы, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерінен құралған мобильді топ ауылдық округтерді аралайтынын жеткізді.
«Заң керуенінің» 20-ның үстіндегі маманы акцияға қатысқан ауыл тұрғындарының сауалдарына заңдылық тұрғысында жауап берді. Мәселен, ауыл тұрғыны Б.Лұқпанов ауыл шаруашылығы туралы сауалына жауап алса, тұрғындар А.Қалиева көше жарығы жанбайтынын, ал Г.Нокина көше жарығы, трансформатор ескілігінен жарық жиі сөнетінін айтты. Бейбарыс ауылдық округінің жетекші маманы Х.Нұрсұлтанова зейнетақы төлеу мәселесін қозғап, заңдылық тұрғысында жауап алды. Ауыл тұрғындары А.Қожахметова, Л.Ибрагимов, И.Семеничте жеке мәселелерімен облыс прокуратурасының басқарма прокуроры Б.Жоланға жолықты. Сондай-ақ Қ.Суханғалиев тұрғын үй, Ә.Жайлашев жарық, жол мәселелерін көтерді. Жалпы акцияға 14 тұрғын келіп қатысты.
Акция одан әрі Сарайшық, Жалғансай ауылдарында жалғасты. А.Қуанышқалиева