Махамбет ауданында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне арналған салтанатты шара өтті.
– Сіздер сан түрлі қиындыққа тап болған жандарға көмектесуде аянбай еңбек етіп келесіздер. Әлеуметтік қызметкердің білімі мен білігі ғана емес, алдына келген әрбір азаматтың мәселесін түсініп, жабырқау көңіліне демеу болу қасиеттері де маңызды рөл атқарады. Көмекке мұқтаж жандардың алғысы ғана әлеуметтік сала мамандарына демеу болары хақ. Қажырлы қызметтеріңіз, кең жүректеріңіз, адалдықтарыңыз үшін сіздерге мың алғыс. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, аудан тұрғындарының әл-ауқатына арттырудағы еңбектеріңізге мол табыс тілеймін,- деп құттықтау тілегін жеткізген аудан әкімінің орынбасары Нариман Хамидоллаұлы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай сала қызметкерлерін марапаттады.
Мерекелік шарада халықты әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбектері үшін аудан әкімінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының, аудандық мәслихат хатшысының «Алғыс хаты» сала қызметкерлеріне табысталды. Сонымен қатар "Еңбек жолы" республикалық конкурсына қатысқаны үшін бірқатар азаматтар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, "Сарайшық асылтұқымды шаруашылық" ЖШС бас технологы Эрнест Шеферге "Өндірістің үздік жас маманы, Құлжановтар әулетінің өкілі Бақытжан Құлжановқа "Үздік еңбек әулеті", "Алтын балық" бөбекжайының тәрбиешісі Тойған Сариеваға "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" аталымдары берілді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттің бағдарламасына ұласты.
Айта кету керек, 2011 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің №164 Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып белгіленген.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ