Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде өткен "Отбасымен музейге" атты облыстық фестиваліне ауданымыздың атынан қатысқан Ұзақбаевтар жанұясы бас жүлдені жеңіп алып, Тараз қаласының тарихи орындарына жолдама алды.
Елбасының «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты отбасылық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беру болды. Ұзақбаевтар отбасы Алға ауылының тумалары. Ұзақ жыл отасып, 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, бірнеше немере-жиен сүйіп отырған Тілеген ағай мен Гүлсім апай ауданға танымал үлгілі отбасылардың бірі.
- Сайыс төрт бөлімнен тұрды. Бұл сайысқа ата-анамыз, үлкен ұлы ретінде өзім отбасыммен және шаңырақтың кіші ұлы Сырымжан отбасымен қатысты. Бірінші бөлім жеті атаны таныстыру деп аталды. Әкеміз Тілеген әулетіміздің шежіресін, өзі шығарған өсиетнамасын домбыраға қосып шырқау арқылы жеткізді. Екінші бөлімде еліміздегі тарихи орындарда, оның ішінде өзіміздің «Хан ордалы Сарайшық» музейінде болған сәттерімізден естеліктерді слайд арқылы баяндадық. Үшінші бөлім өнер сайысы болды. Өзіміз өнерлі отбасы болғаннан кейін бұл бізге қиындық тудырмады. Кіші інім Сырымжан «Екі жирен» әнін әуелете шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Ең соңғы «Мен сыйға тартқан жәдігер» бөлімінде біз облыстық тарихи-өлкетану музейіне сонау ескі заманнан ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан жәрнек қазанды сыйладық. Бұл қазанмен бір кездері атамыз Ұзақбай Каспий теңізінің үстінен қайықпен балық аулап жүрген кезінде, қайықтың үстінде отырып тамақ пісірген екен. Бұған қоса әжеміз Тәбия 1957 жылы өз қолымен тоқыған терме алаша мен құрды да табыс еттік. Отбасымыздың бірлігі мен жарастығының арқасында, дайындығымыздың жақсы болғанының нәтижесінде Атырау қаласы мен 6 ауданның атынан қатысқан отбасылардан оқ бойы озып шығып, бас жүлдені жеңіп алдық – дейді Ұзақбаевтар отбасының тұңғышы Нұрлан Ұзақбаев.
Б.Сүйеуова.