Оралу немесе Оңдағанидың оңды ісі жалғасын табуда

Кезінде ауданның Құрметті азаматы, елжанды азамат Махамбет Оңдағани жетекшілік еткен Алға халық театры ұзақ үнсіздіктен кейін жарқ етіп көрінді.

Театр ұжымы бұл жолы жерлес жазушымыз Есенжол Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» драмасын сахналады. Адамзат баласына қасірет әкелген соғыс тақырыбы таусылмақ емес. Осынау жер бетін тітіренткен соғыста талайлар Отан үшін отқа түсіп, жандарын қиса, аласапыранда туған бауырларынан, шиеттей балаларынан тірілей айырылып қалғандар қаншама? «Тау таумен кездеспейді, адам адаммен кездеседі» дегендей газеттегі бауырына іздеу салған хабар бойынша арам ойларын жүзеге асыру үшін жолға шыққан өзбекстандық ерлі -зайыпты қазақтар аялдамада бір адаммен кездейсоқ кездесіп қалады. Жәпек-аузы арақтан құрғамайтын әпенділеу адам. Ал, оның зайыбы Халила Қабдықожаеваның қулығына құрық бойламайды. Аңқау да, алаңғасар көңілдесінің қолымен от көсеу үшін барлық айла-шарғыға барады. Екеуінің ойы көрсетілген мекен жайға барып, есін білмейтін жаста апасынан ажырасып қалған адамның кейпіне еніп, ойлап тапқан өтіріктеріне сендіріп, көрмеген апасының бар жиған-тергенін сыпырып кету. Бірінші кезіккен көлікпен әйелі Халила ауылға тарта береді. Аялдамада көлік күтіп қалған екі ер адам шүйіркелесе кетеді. Бақса, екеуінің де іздеп келе жатқандары бір адам. Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы болып қызмет істейтін азаматтық киім үлгісіндегі милиция майоры бір шикіліктің барын сезе қояды да, әліптің артын бағып, өзімен салыстырғанда сөзшеңдеу сапарласының ығына жығыла береді.

Екеуі шалғайдағы ауылға келіп, көрмеген апасымен танысып, абыр-сабыр болып қалады. Бір тырнағы ішіне бүгулі жүрген «бауыры» Жәпек қасындағы сапарлас серігін жалғыз бармайын деп ілестіріп келген досым деп таныстырады. Сонымен өзі армандағандай «ішкені алдында, ішпегені артында» дегендей Жәпек бір жырғап қалады. Апасының бойтұмарың қайда деген сұрағына: «жоғалтып алдым » деп жауап береді. Апасы бауырының қалтасына 500 сом ақша салады. Қаншама дүниеге жақын болса да өзіне деген көл-көсір құрметтен басы айналған Жәпек жалғызбасты кемпір мен оң жақта отырған қызды аяп, аяқ астынан ар-ұяты оянып, ақшаны қайтып береді. Сол кезде сумаңдап кіріп келген Халила да кемпірдің іші-бауырына кіріп, ақшаны қалтасына салып алып, тайып тұрады. Құдашасы Ақпүлішпен көңіл жарастырып үлгерген Жәпектің ойы қаракесек, бір оқпен екі қоянды атып алуды да армандап қояды. Байқайды, Ақпүліш те кетәрі емес. Бірақ өзін алдына салып, бір шыбықпен айдайтын көңілдесі, әрі сыбайласы Халила Қабдықожаевадан тайсақтайды.

Оқиға шиеленісіп барып, ақыры шындықтың беті ашылады. Салиха кемпірдің жоғалтқан нағыз шын бауыры кешелі бері қона жатып, сырттай бақылап, тіс жармай жүрген милиция майоры Иван Неруский болып шығады. «Апа, бұл алаяқтарға сенбеңіз, сіздің туған ініңіз менмін, міне сіз сұраған бойтұмар!» деп басын иіп тұра қалғанда, Салиха кемпірдің есі шыға жаздайды. Ал, негізінен ындыны жуас,адамға қылдай қиянаты жоқ, бірақ адуын әйелдің айтағына еріп жүрген Жәпек сорлы басын төмпештеп отыра қалады. Міне, ауылды дүрліктірген оқиға осылай аяқталады. Жәпектің бейнесін Алға мәдениет үйінің директоры Боранбай Ілес сомдаса, оның сыбайласы Халила Қабдықожаеваны сахнаға алып шыққан Жұлдыз Құрманғалиқызын дайын әртіс, театрдың өз адамы деуге болады. Ал, Бисенғалиева Өрік Салиха кемпірдің рөлін сылбырлау ойнады. Иван Нерускийдің ішкі жан дүниесіне енген мектеп мұғалімі Өзеркін Хошетеров алға қарай шеберлігін шыңдап, іздене түссе деген тілегіміз бар. Жалпы өнер ұжымы әлі де ойындарын ширата түскендері жөн. Дыбыс күшейткіш болмағандықтан дауыс естілмеді. Залдағы иін тірескен талғампаз өнерсүйер қауым қойылымды асқан құштарлықпен ынтыға тамашаласа да, әртістеріміз сол сұранысқа сай сахнаны жандырып, жайнатып жібере алмады. Бұл сын емес, сахнагерлерге айтылған базына, жанашыр сыр деп қабылдаған дұрыс. Ең бастысы: бір өзі бір театр Оңдағанидың оңды ісін жалғастыратын ізбасарлары барына, олардың театрға оралғандарына қуандық Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT