Қоғамдық Кеңес құзіреті кеңейтілсе...

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сай еліміз бойынша қоғамдық кеңестердің жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсу мақсатында мониторинг жүргізілуде.

Осыған орай, «Жайық-Каспий Орхус» орталығы аудандағы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңес өкілдерінің қатысуларымен кері байланыс орнату мақсатында фокус-топ жұмысын ұйымдастырды. Аталмыш орталық директоры Шынар Ізтелеуова алға қарай Қоғамдық кеңестер туралы Заң қабылданатынын қаперге беріп, « кеңес жұмысын жандандыру үшін сіздердің ойларыңызша қандай толықтырулар, өзгертулер керек?» деп жиналған жұртшылықты ашық пікірлесу алаңына шақырды.

Алғаш сөз кезегін алған Махамбет аудандық қоғамдық Кеңесінің төрағасы Сағынғали Шотпақов қоғамдық негізде жұмыс істейтін Кеңес мүшелері ұлттық рухты бойларына сіңірген өз елінің патриоты болғандықтан өздеріне тапсырылған міндетті өз құзіреттері шеңберінде барынша адал атқарып жүргендігін атап өтті. Қазіргі кезде қаржысыз қимылдай алмайсың. Халықтың арыз-шағымы бойынша даулы мәселелердің оң шешілуіне шындап кірісу үшін тәуелсіз сарапшыларды, заңгерлерді жалдауға тура келеді. Сондықтан осындай шығындарға жұмсау үшін кеңестің дербес есепшоты болса, жұмысымыз біраз жеңілдер еді. Сондықтан Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамында» айтылған мемлекеттік құрылымдардың бірі болғандықтан оның неғұрлым билікке тәуелсіз болу жағына баса назар аудару керек деп ойлаймын. Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Нәсіпқали Саменов бекітілген жұмыс жоспарына сай қоғамдық кеңес отырыстарында салалық бөлімдер жұмысына тыңдау жүргізіліп, кемшіліктері көрсетілгенімен, атқарушы билік тарапынан сынға жауап, үн қосу болмайтынын алға тартты. Ал, қоғамдық Кеңестің қолында қателіктерді түзетуге, шарасын алуға қажетті тетік жоқ. Атқарған жұмысыңның нәтижесі болмаса, қоғамдық белсенділік төмендейді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерсайын Құлмағамбетов қоғамдық кеңестің негізгі жұмысы әлеуметтік мәселелер жөнінде халық арасында қоғамдық тыңдау өткізу екендігіне тоқталды. Ол үшін халық көп шоғырланатын жерлерге жәшіктер қойып, ұсыныс-пікірлер жинақталуы керек. Бізде бұл жұмыс әлі ақсап жатыр десем қателеспеймін,-деді Ерсайын Нұрымұлы сөзін одан әрі сабақтап,-өйткені біздің қоғам әлі дайын емес. Монополияға қарсы күрес мекемесі газетке хабарландыру беріп, тариф бекітерде асығыстау қоғамдық тыңдау жүргізген болады. Бірақ халықтың пікірімен санасып, тарифты төмендетіпті дегенді естіген жоқпын. Аудандық мәслихат депутаты, кеңес мүшесі Нұрым Ерғалиев атқарушы билікпен бірлесіп жұмыс істеу, халықтың құқықтық сауатын ашу, қоғамдық кеңес мүшелерін де арнаулы қысқа мерзімді курстарда оқытып, бұқарамен тығыз байланыс орнату жөнінде ұсыныс-пікірлерін айтты. Пікір алмасу жиынын қорытындылаған «Жайық-Каспий Орхус» орталығының директоры Шынар Орманбекқызы қоғамдық Кеңестер жұмысын жандандыру бағытында айтылған ұсыныс, пікірлерді осы мәселемен айналысып отырған тиісті министрлікке жеткізетінін айтты.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT