З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебіне су жаңа көлік табысталды

Фото автордікі

Махамбет ауданында 5 қазан - Ұстаздар күніне орай "Ұстаз - ғұмыр, ұстаз -нұр" атты салтанатты шара өтті.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев мерейлі мерекемен ұстаздар қауымын құттықтады.

-Ұстаз - ұлағатты ұғым. Балаға оқу, біліммен қатар тәрбиені, адамгершілікті бойына сіңіртеді. "Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға" деген сөз бар. Қашанда ізденуден жалықпайтын мұғалімдер қауымы қашанда құрметке лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен педагогтарға тиісті деңгейде қолдау көрсетілуде. Құрметті ұстаздар, білім саласының ардагерлері Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, отбасыларыңыз береке-бірлікпен көркейсін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көріне беріңіздер! - деді аудан әкімі.

Шара барысында бір топ ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрінің, облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы және аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының» алғыс хаттарымен марапатталды.  Батыр баба, ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған "Дауылпаз" медалі білім беру саласының ардагерлері - Ғабиден Әбдешов, Хамит Ақтаубаев және Гүлнар Мырзагерееваға табысталды.

Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебіне "ГАЗель" автокөлігі сатып алынып, шарада ресми түрде табысталды.

Кеш соңы аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, бүгінде Махамбет ауданындағы 35 білім беру мекемесінде жалпы 1 043  ұстаз еңбек етеді.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT