Қазақ дәстүрінде мола бұзу секілді тағылық аруақты қорлау болып есептеледі. Мұндай әрекетке бару әдепсіздікке, азғындықққа жатады. Алайда, осындай тағы қылмыс жасайтындардың арамыздан шығып жатқаны көңіл қынжылтады.
2018 жылы Сарайшық қазбасының темір қоршауын кесіп алып кеткен қылмыстық оқиға тіркелген болатын. Ал, 2019 жылдың жаз мезгілінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жасөспірімдер қазбадағы ашылған адам сүйектерін бүлдіріп сындырғаны анықталған. 2020 жылы қыш кірпіштен тұрғызылған мазарды қайта қалпына келтіру үшін әкеліп қаланған кірпіштерді бұзып, көлікке тиеп әкеткен еді. Жуырда Махамбет ауылындағы «Өтеміс» мәйітінде тағы да осындай тағылық орын алды. Ауыл тұрғыны Маржан Әбілтаева дұға оқу үшін туыстарының басына барғанда, бірнеше моланың темірін біреулердің бұзып алып кеткенін көрген.
– Өмірден өткен туыстарымыздың басына құран бағыштау үшін барған болатынбыз. Молаға салынған темірлерді жұлып алып кеткенін көрдік. Осыған дейін неше түрлі азғындықты естіп жүрсек те, дәл осылай құдайдан қаймықпайтын, аруақты сыйламайтын адамдардың бар екенін білгенде қатты қамықтым. Ең сорақысы, мұндай әрекеттің қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған өз ауылымыздан шығып отырғаны. Ол темірді темір қабылдайтындарға тапсыру үшін алғаны бесенеден белгілі. Сол темірді қабылдап отырған адамдар моланың темірі екенін айыра алмайды емес. Солай екенін біле тұра түк болмағандай қабылдай береді. Адамдар ақша үшін ардан да безетініне осы оқиғадан кейін көзім жеткендей болды. Жергілікті полиция бөліміне барып арыз тастадым. Жанымызға жақын, қымбат жандарымыздың моласын қорлағандар табылып, жазасын алғанын қалаймыз,- дейді М.Әбілтаева.
Соңғы жылдары металл сынықтарын қабылдау нүктелерінің саны күрт өсіп, екі есе көбейген. Бұрын осы қызмет үшін арнайы лицензия бекітілген болса, бүгінде кез келген адам мұндай нүктелерді аша алады. Олардың көпшілігі ұрланған металдарды да қабылдайтыны жасырын емес.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Расуллиевтің айтуынша, тұрғыннан түскен арыз қабылданып, іздестіру жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Аталған қылмыс ұрлыққа жатады. Табылған жағдайда оларға заңға сәйкес жаза қолданылады. Бұл орайда темір жинаушыларға да қатаң шара қолданылып, оларға осындай заттарды алмау қажеттігі заңды түрде ескертілгені жөн болар еді.
Б.СҮЙЕУОВА