Парламент Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов ауданымызда болып, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылап, ауыл фермерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ауданға қарасты шаруа қожалық иелері негізінен егін шаруашылығына жұмыс күшінің жетіспей жатқанын алға тартты. Үкіметтің сырттан келетін жұмыс күшін азайтып, жергілікті халықты жұмыспен қамту мақсатында квотаны азайтуы, ұзақ жылдар бойына өзбектер мен қарақалпақтарға сенім артқан шаруа қожалықтарының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.
«Темірлан Агро-7661» ЖШС дирек¬торы Айнұр Рахматулинаның айтуынша егін шаруашылығына өзбектерді тоқтатып, бірден қазақтарды жұмысқа алудың өзіндік қиындықтары бар.
- Қазір көп адамдар жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрады. Тіркеудегі азаматтарды бұған дейін де жұмысқа алып көрдім. Тепсе темір үзетін жігіттер жаздың ыстық күндері егін жұмыстарына шыдай алмайды. Таңның атысы, күннің батысы еңбек еткеннен гөрі, көлеңкеде демалып жатқанды жақсы көреді. Менің ойымша жұмыс жасағысы келмейтін адамдарға айыппұл салатын заң керек. Әйтпесе көпшілігі үйде жатып, бала ақшасына өмір сүруді әдетке айналдырған. Мен де өз елімнің патриотымын. Ақшаны далаға жібергенше өз қазағымның, өз ауылдастарымның отбасын асырағанын қалаймын. Бірақ жағдай жоғарыда айтып өткенімдей болып отыр. Сондықтан бастапқыда өзбектер мен қазақтарды бірге алған дұрыс деп ойлаймын. Сту¬дент балаларды жұмысқа тартатын болсақ, оларды қадағалайтын бір жа¬уапты адам болу керек. Өйткені жа-нымызда су бар. Оның үстіне қазіргі балалардың психологиясы бөлек. Алқаптың о шеті мен бұ шетін аралап жүргенде біз балалардың артынан қарап жүре алмаймыз. Тағы бір айтарым, «Атырау-Жарық» мекемесінің тарифі өте жоғары. Сондықтан жарыққа төлейтін қаржының көптігі де қиындық тудырып отыр. Егін шаруашылығына бөлінетін субсидияға қатысты мынадай ұсыныс білдіргім келеді. Күндіз-түні далада жүргендіктен шаруа қожалық иелерінің компьютер қарап, субсидияның құжаттары мен уақытын қадағалап отыратын уақыты бола бермейді. Соның кесірінен кейде үлгермей қалып жатады. Біздер онсыз да тамшылатып суару жабдықтарын, дәнді дақылдар секілді керек заттарымызды сатып аламыз. Осы орайда Үкімет осын¬дай өнімдерді сататын дүкендерге тендер жарияласа. Тендерден ұтып шыққан дүкен иесі қажетті заттарды арзан бағаға сатса, біз сол дүкеннен сатып алар едік. Субсидияға қатысты ешқандай жемқорлық әрекет те орын алмас еді. Өз басым көкөністі жергілікті жерде өндірген соң арзанға беремін. Мысалы менің 50 теңгеге сатқан пиязым делдалдан делдалға өтіп, «Лидер», «Идеал» секілді супермаркеттерге жеткенше 170 теңге болады. Егер супермаркеттер менен көтерме бағамен сатып алса, төмен бағамен ұсынып, делдалдарды жойып, халыққа да оңай тиеді. Бағаны тұрақтандыруға да ықпалы болар еді, – деді кәсіпкер.
«Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс Ерманов сырттан жұмыс күшінің уақытында келмеуінен егін салу жұмыстары ай жарым уақытқа кешіккенін, соның салдарынан жоспарлаған өнім санын азайтуға мәжбүр болғандарын айтты.
– Жергілікті халықты жұмыспен қамту бағытында квтоаны азайту дұрыс та шығар. Бірақ менің түсінбейтінім олай болса, елімізге келіп құрылыс сала¬сында, базарда жұмыс жасап жүрген өзбектерге неге рұқсат беріледі? Жер¬мен жұмыс жасау бір күнде іске аса¬тын шаруа емес. Менің қол астымда 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қарақалпақ агроном, механизатор, жы¬лыжай жұмысының мамандары бар. Оларды көп жылдардан бері үйретіп, егін жұмыстарына баулып келемін. Енді бір күнде осының барлығын жергілікті халыққа үйрету мүмкін емес нәрсе. Сырттан жұмыс күшін алмаймыз деу өз қолымызды өзіміз кескенмен тең, – деді Қ.Ерманов.
«Тасқалиев» шаруа қожалығының басшысы Асқар Тасқалиев бұрын шетелден тек елімізде жоқ кадрларға сұраныс берілетін болса, қазір ауыл шаруашылығына шетелден адам шақыру нағыз сорақылық екенін тілге тиек етті.
- Қазіргі уақытта әр ауылда кем дегенде 50-60 жұмыссыз адам бар. Ешқайсысы дала жұмыстарын жасағысы келмейді. Реті келсе, ауысымдық жұмысқа кеткісі келеді. Мекемеге, күзетшілікке жасауды қалайды. 4-5 баласы бар адамдарға үкімет үй алып беріп, бала ақшасымен қамтып отыр. Оны көрген балада солай масылдық сана қалыптасады. Бір жылдары жұмыссыздықтың есебінде тұрған адам ұсынған жұмысқа бармаса оны жұмыссыздықтан шығарып тастап, қайта тіркемей қоятын. Осындай заңды қатайтып, мінез көрсетіп масылдық сананы жою керек. Өзім ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 5 жыл болды. Үкімет тарапынан су, газ, электр желісін жүргізе алма¬дым. 2015 жылы қабылданған заң бойынша жылына 200 млн. кіріс кіргізбейтін шаруа қожалығына ешқандай инфраструктура тартылмайды екен. Даладағы шаруа қожалығы 200 млн. табысты қалай түсіреді? Бұл заң ауыл шаруашылығының алға дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтқым келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат дәл қазіргі уақытта квотаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
- Былтыр облыс бойынша 698 квота бөлінсе, биыл жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында квотаның саны екі есеге қысқарып, 394- ке түсті. Алғашында тек 45 адамға рұқсат берілді. Кейін облыс басшыларының араласуымен толықтай рұқсат алынды. Енді 3-4 категорияда жұмыс жасайтын шетелдік жұмыс күштерін ауыл шаруашылығына ауыстыруға министрлікпен арада келісім жасалып жатыр. Соның нәтижесінде квотаны 400-500-ге жеткізу жоспарланып отыр. Махамбет ауданы бойынша 7 шаруашылыққа 282 Өзбекстан азаматтарын әкелуге рұқсат алдық. Жұмыс күші сәуір айының басында келеді. 3-4-ші категориядағы шетелдік жұмыс күштерін ауыл шаруашылығына ау¬ыстыру туралы министрдің шешімі шыққаннан кейін ала алмай қалған ша¬руа қожалықтары сұраныс беріп алуларына болады, –деді ол.
Облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев келесі жылы осындай жағдай орын алмас үшін процеду¬раны жеңілдету керектігін алға тартты. Квотаны жылдың аяғында беріп, шаруа қожалықтарына жылдың басында шетелдік жұмыс күштерін әкелуге мүмкіндік жасау қажеттігін айтты. Шаруалардың ұсыныс-пікірлерін, өтініш-тілектерін тыңдаған сенат депутаттары ауданға қатысты түйткілді мәселелерді министрліктерге жеткізіп, шешімін табуға атсалысатындарын жеткізді.
Б.СҮЙЕУОВА
Суреттерді түсірген Қ.АЙТҚАЛИЕВ