Визажист сұранысқа ие мамандық

Еңбек еткен мұратқа жетеді.

Бүгінгідей нарық қыспаққа алған заманда артық қаражат көзі болмаса да қиын.«Қимылдаған қыр асады» деген тәмсілді ескеріп, өз қаражатымен болмаса мемлекет берген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, кәсіптің түр-түрін меңгеріп, жағдайларын түзеп жатқандар аз емес. Солардың бірі ерлі-зайыпты Ринат Ізбасаров пен Үміт Туленова.

Әрбір адам үшін жаныңа жақын жұмыспен айналысып, оның жемісін көргеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә?! Біздің кейіпкеріміз Үміт Туленованың негізгі мамандығы есепші бола тұра, уақыт өте келе оның сұлулық саласына деген ерекше қызығушылығы оянады. 2011 жылы тәуекел етіп, визажист курсын тәмамдап, 2018 жылға дейін әртүрлі сұлулық салондарында қызмет атқарады. Сөйтіп жүріп, жолдасы және туыстарының қолдауымен аудан орталығынан сұлулық салоны мен көлік жуу нысанының құрылысын бастайды. Кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 5 млн.теңге несие алады. Соның нәтижесінде, өткен жылдың аяғында кәсіпкерлік нысанның құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берді.

«Ерсұлтан» деп аталатын сән-салтанаты келіскен салонда келушілерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Шаш қию мен сәндеу, бет әрлеу, тырнақ пен қас реттеу сияқты қыз-келіншектерге қажетті қызмет түрінің бәрі бар. Соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, жаңа техникалық құралдармен жарақтанғанын да айта кеткеніміз жөн. Нысанның екінші бөлігі азық-түлік дүкеніне арналса, үшінші бөлігінде көлік жуу қызметі көрсетіледі.

- Жалпы, визажист бүгінгі қоғамда ең көп сұранысқа ие әрі қалтасы қалың мамандықтар қатарында тұрғаны рас. Сол үшін де визажист болғысы келетіндер көп. Визажист үшін адамды жай ғана бояндырудың қыр-сырын меңгеру қиынға түспегенімен, бәсекелестер арасында қолтаңбаң, ерекшелігің және кәсібилігіңмен өз орныңды табу оңай емес. Тек ерінбей, үнемі ізденісте жүру керек. Сонда ғана мұратыңа жетесің», – дейді кәсіпкер, көп балалы ана Ү.Туленова.

Бұрын ауылдың қыз-келіншектеріне бет әрлеу, шаш сәндеу сынды жұмыстары үшін қалаға баруға тура келсе, енді ол қызметтерді ауылдан ұзамай, сапалы әрі қолжетімді бағада осыннан алуға мүмкіндік жасалып отыр.

Б.Сапарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT