Туған жерімнен жыраққа кеткім келмейді

Қуаныш пен қайғыны тең бөліскен.

Мен осы киелі Махамбет топырағында 1959 жылы қарапайым орыс отбасында дүниеге келдім.

Әкем осы жақтың жергілікті тұрғыны болса, анам қаланың, (бұрынғы Гурьевтің) қызы еді. Отбасында 3 ұл, 1 қыз болып тәрбиелендік. Қазір бауырларымның біреуі Краснодарда, біреуі Белоруссияда тұрады. 1976 жылы мектеп бітірген соң қалаға жұмысқа кетіп, сол жақта тұрмысқа шығып, жолдасыммен тұрдым. 2002 жылы әкемді бағу үшін Махамбетке көшіп келдік. Міне, 18 жылдан бері махамбеттікпіз. Ұлтымыз өзге болса да біз ешқашан қазақ халқынан бөлінген емеспіз. Ұл-қыздарым, немере-жиендерім қазақ мектебіне барды.

Айналамдағы көршілерім, таныстарымның басым көпшілігі қазақтар. Олармен де өте жақсы қарым-қатынастамыз. Наурызда, көрісуде біз де оларды құттықтап барып, мерекені бірге тойлап, арқа-жарқа боламыз. Осы орайда, қазақ халқының қонақжайлығын, дархандығын айтқым келеді. Көршілеріме қашан бара қалсам да, кең дастарқан жаюлы тұрады. Келген қонақты құр жібермейтін ақкөңіл пейілдерінде риза боламын. Ауылдастарымыздың тек қуанышына ғана емес қайғысына да ортақтаса білеміз. Қазақ болсын, орыс болсын жергілікті тұрғын мәңгілік сапарға аттанса, міндетті түрде қаралы үйге көңіл айтып шығамыз. Дініміз бөлек болғанымен, қайғымыз ортақ деп есептейміз.

Бірер ай бұрын, ағама Белорусия еліне қонаққа барып келген едім. Ол жақтың табиғаты, адамдары да өзінше бір бөлек. Әйтсе де, біраз уақыт қонақ болған соң елімді сағындым. Жиырма жылға жуық араласқан көршілеріме, Махамбетіме, оның жайсаң адамдарына ештеңе жетпейді екен. Кіндік қаным тамып, туып-өскен туған жерімнен жыраққа кеткім келмейді. Ендігі қалған өмірімді осында өткізсем деймін. Себебі, туған жерім маған бәрінен де ыстық, бәрінен де қымбат.

Людмила Горох,

ауыл тұрғыны

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT