Вандализм – жеке мәдениет пен тәрбиенің деңгейі

Фото: zh-shugylasy.kz

 Елімізде биылғы жылдың басынан бері 1200 астам вандализм оқиғасы тіркелген екен. Осыған байланы­сты Қазақстанда вандализм үшін жаза күшейтілді. Мемлекеттік немесе жеке мүлікті бүлдіру мен қирату әрекеттері үшін 50-ден 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Яғни, айыппұл мөлшері 172 000 мен 552 000 теңге аралығында. Соған қарамастан, мұндай қылмыстар азаймай тұр.

 «Вандал» деп ежелгі римдіктер 455 жылы Римді қиратып талқандап кет­кен көшпелі тайпаларды атаған екен. Кейін «вандализм» термині - мәдени- тарихи ескерткіштерді, басқа да ру­хани мәдениет құндылықтарды аяу­сыз, қасақана жою, қиратып бүлдіру және тонау әрекеті болып сөздікке енді.

Бүгінгі күнде зираттардың қоршауын, онда қойылған белгілерді қирату немесе ұрлап кету, ескерткіштерге, басқа да түрлі нысандарға рұқсатсыз су­рет салу, сөздер жазу, көшеге қойылған нысандарды, аялдама­ларды, орындықтарды, балалар ойын алаңын бүлдіру сияқты оқиғалар жиі көрініс беретін құбылысқа ай­налды. Вандалдардың қолынан жол белгілері де жарамсыз күйге түскен оқиғалар бар екен. Өкініштісі мұны ересектер ғана емес, жасөспірімдер, балалар арасында да жасалатыны. Бұл мәдени құндылықты түсінбейтін, білмейтін және басқалардың еңбегін құрметтемейтін балалар арасынан шығып отыр. Осыған байланысты Заңға «балалар вандализмі» дейтін термин енгізілді. Бұл жағдай орын алғанда да айыппұл олардың ата- аналарына салынып, жауапкершілік жүктеледі

Ауданымызда еліміздегі ең таны­мал тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі - көне Сарайшық қаласының бар екенімен мақтана аламыз. Аталған ескерткіште қалаға кіретін қақпа са­лынып, ортағасырлық тұрғын-жай қалпына келтірілді. Аталған нысанға балалар ойын ойнап, ескерткішке және балалардың денсаулығына да қатер төндірген оқиға орын алды. Осыған байланысты, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесе отырып, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде оқушы балалар мен ата-аналарға ру­хани, заңдық бағыттарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазба орын­дары ойын алаңы емес, бір қираса, қайта қалпына келмейді . Жи­ында әлі де оң-солын танымаған жасөспірімдер үшін отбасы, мек­теп және қоғам болып бірігіп, ванда­лизмге қарсы тосқауыл болатын шара­ларды жүзеге асыру, тарихи-мәдени мұраларымызға жауапкершілікпен қарау, вандализмнің алдын-алу бой­ынша брошюралар дайындау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Еліміздің әр тарапынан, шетелден келіп жатқан туристер алдында ұят болар іс-әрекеттерге бармауды жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін мек­теп ұжымымен бірлескен жұмыстар жүйелі атқарылатын болды. Бұл мәселеде отбасы мен балалардың араласатын ортасы үлгісі үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Вандализм – бұл бір аудан не­месе облыс көлеміндегі ғана емес, ұлттық мәселе. Бұл мәдениетке деген қастандық. Сондықтан онымен күрес бір сәтке де назардан тыс қалмауы керек.

Э.УРЫНБАСАРОВА,

«Сарайшық» музей- қорығының заңгері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521