Жазу машинкасын жан серігіне айналдырған Ақжібек (Зина) апай бір қызығы еш уақытта көзілдірік пайдаланбаған.
1971 жылы «Малды өңір» газетіне секретарь-машинист мамандығымен жұмысқа орналасқан Ақжібек (Зина) апай қырыққа қадам басқан шағында жолдасынан айырылып, 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана.
«Аптасына 3 рет шығатын қос бетті басылымның күндіз-түні мақаласын теріп, журналистердің шимай-шатпағын түгендеп отырғанда таңның атып, күннің батқанын байқамай қалатынбыз»-дейді апайдың өзі. Балалардың бірін ертіп, бірін үйдегі енесінің қарауына тастап, жұмыс жасаған олардың редакция екінші үйіне айналды.
«Сол кездегі бас редактор Қырықбай Бекбаев талапшыл, жұмысқа тиянақты, керек кезінде әрі қатал, әрі қамқор болатын басшылардың қатарынан тұғын. Жас журналистер Құттыгерей Смадияров, Тарас Наурызалиев, Дәулетқали Аруев, Қадыржан Қазымбек, Серік Орынбасаров, Қылышбай Сүндетовтер ұжымдағы бірлі-жарым әйел адамдарды сыйлап, құрметтеп, апалап жүретін кішіпейіл жігіттер еді. Үнемі қауырт жұмыстың кеңшарлардағы қызу еңбектің басы-қасында жүріп, малшылар мен егіншілердің өмірінен сан алуан репортаждар жасайтын. Көрген-түйгендерін дереу қағазға түсіріп, менің алдыма тастайтын.Әр сөзінің сыны бар, айтар ойы астарлы Құттыгерей редакциядағы ең жазуы жаман журналист еді жарықтық. Ал өзі де, мінезі де, жазуы да көркем Тарас інім болса, Мақсот Қуатбаев, Қадыржан Қазымбектер әзілге жақын, фельетонның майталмандары еді,-деп апамыз әріптестерін бір еске алды.
Тау-тау болып жатқан хаттар мен қолжазбаларды жалғыз өзі оқып, теріп тегіс үлгеріп отырудың өзі үлкен дарын дерсіз. Бір жағынан шиеттей бала-шаға, бір жағынан білдей бір ауданның газетіндегі жауапты жұмыс. Осының бәріне үлгеріп, үлгілі ана, үздік қызметкер бола білген, бүгінде 2 ұл, 3 қызынан тараған немере-жиен, шөберелердің ортасында мәуелі бәйтерек болып отырған Ақжібек Әбдірова сынды апайлар қашанда құрметке лайық.
Сырт көзге оңай көрінетін газеттің тынымсыз тірлігін, ішкі асүйін сол жерде еңбек еткен жандар ғана жақсы біледі. Қашанда халық пен биліктің арасындағы алтын көпірді жалғап, қоғамдағы өткір мәселелердің өз арнасында тоғыта білетін аудан айнасының ұжымы мен жастарға ақ жаулықты ардагеріміз де ақ батасын беріп, шығармашылық табыс тіледі.
Айнұр САТАЕВА