"Бейнеті көп қызметте біраз қыз-келіншектер жасады, жұмысты қиынсынып кетіп қалғандары да болды".
Халықпен бірге біте қайнасып, елдің мұң-мұқтажын, қоғамда орын алып жатқан жағдайдың жай-жапсарын жеткізіп жүрген тілшілер қауымының еңбегі зор. Десек те, газет жұмысын айтқан кезде көбіне журналистердің еселі еңбегі сөз болып, баспасөздің ажырамас бөлігі саналатын баспахана қызметі елеусіз қалып қойып жатады. Кезінде аудан орталығында орналасқан баспаханада 30 жылға жуық уақыт бойы еңбек еткен сала ардагері Дина Бердімұратова апайымыз ертеректегі техникалармен газет шығарудың машақатын айтып берді.
Дина Бердімұратова аудандық баспаханаға мектепті тәмамдаған бойда 1967 жылы әріп теруші (линотипист) қызметіне орналасып, табан аудармастан 1996 жылға дейін жұмыс жасаған. Г.Ф.Канцев көшесіндегі үйдің бір жағы баспахана болса, екінші жағында редакциясы жайғасқан мезгілде, яғни «Малды өңір» газетімен бірге жетіліпті. Бүгінде сол үйдің редакция қызметкерлері отырған жағы қалған екен. Кейін 1973 жылы қазіргі «Қазақтелеком» мекемесінің орнына көшіп келген уақытта да жұмысқа талап қоя білетін Сапар Бахитов ағай басқарған баспахананың қызметкерлерінің екі ұжымның ортақ табысы мен жетістігіне қосқан үлестері аз болмады. Жоғарғы санатты әріп теруші Дина апай Атырау қаласында №9 баспаханадан линотип машинасын үйренуге арналған арнайы курстан өтіп келіп, өзінен кейінгі Ақмарал Рысқалиева, Сағида Томанова, Балым Қапиева секілді әріп теруші қыздарды үйретіп, шәкірт те тәрбиелей білген.
«Линотип машинасының төменгі жағында қорғасын үлкен қазанда қайнап жататын. Кешке жұмыстан шығарда өшіріп кетіп, ертесіне қайта қосамыз. Жарық өшіп қалып, машинамыз істен шығатын кездер де болды. Машина бұзылған уақытта қаладан механик шақыртамыз. Оның келгенін күтіп отырамыз. Соның өзінде таңға дейін отырсақ та жұмысымызды тыңғылықты атқарып кететін едік. Линотиптің темір әріптерін авиациялық жанармаймен жуу керек. Бірақ ол кезде тапшы ма, әлде берілмеді ме белгісіз. Кәдімгі жанар-жағармай бекетінің бензинімен жуамыз, қолымыз күйіп, қып-қызыл болып қалады. Осындай бейнетіне қарамастан, біраз қыз-келіншектер жасады, жұмысты қиынсынып кетіп қалғандары да болды. Менен кейінгі сіңлім Зина газет теруші болып, қызмет етті. 1996 жылы баспахана қызметкерлері қысқартуға ұшырап, солардың арасында мен де болдым. Менімен бірге біраз адам жұмыссыз қалды»,- дейді линотипші Дина апа.
Еңбектері елене бермейтін баспаханада еңбек еткен ардагерлерді осыдан 9 жыл бұрын дәлірек айтқанда аудандық газеттің 70 жылдық мерейтойында үлкен кездесу өткізіп, марапаттаған болатын. Сол жерде Дина апай кезінде баспаханада өзімен бірге «отымен кіріп, күлімен шыққан» құрбыларымен кездесіп, сағынышты күндерді бір еске алысыпты.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ