Менің қара шаңырағым...

Ойыма алсам ылғи да жүрегім сағыныштан сыздайтын менің бір киелі мекенім - Махамбет аудандық "Жайық шұғыласы" газетінің редакциясы.

САЙЛАУБАЙ АҒА БІЗДІ ОҚЫТТЫ

Газеттің бас редакторы марқұм Сайлаубай Тәжбентаев ағамыз болатын. Талантты жастарды алғашқы жазған сөйлемдерінен-ақ танитын сұңғыла адам еді. Сол кезде газет жұмысына жаңа келген Дәулетқали Аруев екеуімізді бауырына тартты. Және өзінің орынбасары Бағыт Көшербаев, жауапты хатшы Құттыгерей Смадияр, бөлім меңгерушілері Жолдас Дүсіпов, Темірхан Рамазанов, Қадыржан Сабыров, фототілші Қафиз Мұқтаров, тілшілер Елеубай Жұмағалиев, Марат Сабырғалиев, Серік Орынбасаров секілді тіс қаққан журналистерді жинап алып: «мына екі балаға қамқор болыңдар, білгендеріңді үйретіңдер», деді. Бұл ағаларымыз да әрине, аянып қалған жоқ. Дәулетқали екеуміз сияқты сарыауыз балапанды тастүлек қылып тәрбиеледі. Алла бәріне риза болсын.

t

Редакцияда осы аталған адамдардан басқа машинка басушы Ақжібек (Зина) Әбдірова, корректорлар Сәуле Бисенғалиева, Сәуле Нығметова, кейінірек келген Сәуле Қалиева, есепші Ақлима Есенғалиева, тазалықшы Сәбила Ізтілеуова апамыз жұмыс жасайтын. Автокөлік жүргізушісі Қадырбай Тұрдығалиев деген ағамыз болды. Бәрі де керемет, жайсаң адамдар еді. Бұлардың арасынан бүгінде Сайлаубай, Құттыгерей, Серік, Елеубай ағаларымыз бұл дүниеде жоқ. Ал өзгелерінің аман-сау жүргеніне шүкіршілік етеміз.

Сайлаубай ағамыз өз қызметкерлерінің кәсіби мамандық алуына қатты көңіл бөлетін. Осы себепті сол 1986 жылы мені, Дәулетқалиды және Қадыржан ағамыз үшеумізді Алматыға ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға жіберді.

t

Қолымызда жолдама әрі газетте тілші болып, жұмыс істейміз. Осының бәрі оқуға түсуде артықшылық береді екен. Сөйтіп, үшеуміз бірдей оқуға түсіп кеттік. Қаздай тізіліп, сессияға барамыз. Қалтада «учебный отпускінің» ақшасы. Бақандай 500 сом. Мұндай ақшаны ол кезде мұнайшылар да алады. Қысқасы, Тәңір нәсіп етіп, біз алты жылда оқуды бітіріп, қолымызға күректей дипломды да алдық. Сол кездегі Сәкеңнің қуанғанын көрсеңіз.

ӨМІРЛІК ЖАРЫМДЫ ОСЫ ЖЕРДЕН ТАПТЫМ

Сайлаубай ағамның мені жұмысқа алуы менің жеке өміріме де жағымды өзгерістер енгізді. Жоғарыда аттары аталған үш аттас корректор Сәулелердің ортаншысы Сәуле Нығметова маған жар боп бұйырды.

taras28062

Ал Сәуле Бисенғалиева апамыз болса, Сайлаубай ағамыздың бұрынғы зайыбы Мәулеш апамыз дүниеден өткеннен кейін ағамызға тұрмысқа шығып, бүгінде Сәкеңнен қалған қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, әулеттің берекелі өміріне ұйытқы болып отыр.

ҚОРҒАСЫН БАСПАХАНАДАҒЫ ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕК

Сол кезде марқұм Сапар Бақытов ағамыз басшылық еткен баспаханада биіктігі екі метрден астам үш линотип теру машинасы, бір верстка (бет құратын) станогы, төрт газет басатын машина болды. Осы аталған үш түрлі техниканың үшеуінде де жұмыс істеу оңай емес еді. Линотип машинасының жұмысы өнбейді. Себебі, қыздар ондағы әріпті бір қолмен теруге мәжбүр. Бір қолмен теріп, екінші қолымен бетінде әріп таңбаланған кегілдерді тиісті квадратына сәйкес салып, ауысып кетсе, қолма-қол түзетіп отырады (мәселен, макет бойынша беттегі материал бес колонкалық болса, 2,24 немесе 2,36 кв-мен, егер төрт колонкалық болса, 4,5 кв-мен, т.б.). Машинаның төменгі жағында тұрған легенге терілген қорғасын жолдар доминоның тізілген тастары құсап, түсе береді. Осы линотиптің майталмандары Гүлшат Өтеғалиева, Сағида Томанова, Әлия Нұрғазина және Сақыпжамал қарындасымыз өздері теріп шыққан әлгі қорғасын жолдарды верстка станогына табыс етеді. Енді осы станоктың тізгінін ұстаған Нұрасима Ибрагимова мен Балым (фамилиясын есіме түсіре алмай отырмын) жауапты хатшы сызып берген макетке қарап тұрып, сол бойынша әлгі терілген жолдарды құрастырады. Және оларды бір жағына құлап кетпеу үшін марзан, бабашка, шпон деп аталатын көлемі әр түрлі темір сыналармен ұстатады. Верстка бөлмесінің бір бұрышында Күміс Дәулетова, Тәтікей Бисенғалиева, Оңай Қашауова, Зәуреш (фамилиясын ұмыттым) апайлар және Ақмарал Рысқалиева қарындасымыз тақырыпқа қойылған үлкен әріптерді қолмен теріп, жан-жағын болтпен бекітіп, версталшыға табыс етеді.

t

Версталшылар оны беттің қалыбының ішіндегі тиісті орындарына салғаннан кейін жан-жағы тағы да болтпен бекітіліп, үстіне көлемі А-3 форматты қағаз жайылып, верстка аппаратының үстімен астында валигі бар қондырғы жүріп өтеді. Сол кезде қорғасын қалыптағы жазулар қағазға көшеді. Бұл қағаз газеттің гранкалық беті екенін түсініп отырған шығарсыздар. Ол корректор мен кезекші журналистке оқуға беріледі. Олар оқып болған соң беттің қателерін версткада тұрған бетке салу бір машақат. Ол үшін жаңағы темір болттар кері ағытылады. Әріп қателері кеткен жолдар отверткамен шұқу арқылы кері суырып алынып, линотип машинасымен қайта терілген жаңа жолдар оның орнына салынады. Бұл процестегі бір қиын нәрсе бір әріпті түзету үшін бүкіл жолдың қайта терілетіні.

b

Сөйтіп, төрт бет құрылып біткеннен кейінгі ең жауапты да қауіпті жұмыс оны шашып алмай легенге салу. Легенге салынғаннан кейін оны екі адам екі жағынан көтеріп, баспа машинасына алып жүреді. Егер осы кезде аяғың тайып кетіп, легенді қолыңнан түсіріп алсаң, бүкіл ұжымның еңбегі еш кетті дей бер. Онда құрып қойған жолдарың мен әріптеріңнің бәрі шашылып, орнына келместей болады. Қағазға дұрыс жағы түсу үшін қорғасын жолдарда теріс жағымен терілулі тұратын әріптерді түсініп оқып, орнына келтіріп көр. Амал жоқ, бір түн, керек болса, тағы бір күн ұйықтамай жүріп, оны орнына келтірген кездер де болды... Енді соңғы процесс баспа машинасына тиесілі. Бұл жерде Нәсіпхан Тұрдығалиева, Дариға Жұмағалиева, Дина және Зина Бердімұратовалар төрт беттің әрқайсысын қос-қостан машиналарына бекітіп алып, машинаның тетігін қосады. Осы кезде көптен күткен газетіміз комбайнның бункерінен шыққан байлам шөп секілді зырылдап шығып, қолымызға тиеді. Міне, газет сол кезде осылай шығатын. Сол кезде осы бір машақат жұмыстарды күліп-ойнап жүріп, істейтін едік. Бәлкім заманның жақсылығынан да шығар.

ЖАЛАҚЫМА ЕКІ БӨЛМЕЛІ ҮЙ АЛДЫМ

Ол кезде жалақы кешігу деген жоқ. Ақша құнды. Мен өзім қаламақыны қосқанда 200 сом, Сәуле корректорлық жұмыстан 110 сом табатын. Ол кезде Махамбетте төбесінде шатыры жоқ тоқал тамдар 1000 сомға келетін. Сәуленің ақшасын жинап, он айдың ішінде Махамбеттің шет жағынан шарбағы жеміс ағашына малынған екі бөлмелі үй сатып алдық. Ал қазір журналистің жалақысына үй түгілі, бос жерді сатып ала алмайсың ғой.

Міне, кеңес заманының журналистері мен полиграфистері осылай еңбек етіп, өмір сүрді. Айтпақшы, бізден бұрын аталған баспаханада Сұлуқыз Қашауова, Тәтікей Бисенғалиева, Иба Суханова, Сұлухия Ысмағұлова, Ләтипа Темірғалиева, Өкила Шәріпова есімді апаларымыз жұмыс істеп кеткен екен. Әр жылдары баспаханаға Сүндетқали Дәулетияров, Төлеубай Қалиев, Жамал Бекешов, Сапар Бақытов, Санат Сағымпазұлы басшылық етті. Галя Есенғалиева бас есепші болды. Бүгінде Күміс апай мен оның қызы, өте сауатты теруші атанған Әлия бауырымыз және Тәтікей апайлар бақилық болған. Имандары саламат болсын. Әлия тіпті журналист пен редактордың тарапынан кетіп қалған кейбір әдеби қателердің өзін түзете теріп отыратын. Өзі бір иманжүзді, адамгершілігі мол қарындас еді. Амал қанша!..

t

Күміс, Тәтікей апайлар мен Әлиядан басқа сол кезде еңбек еткен апаларымыз бен қарындастарымыз аман деп естимін. Аман болсын. Қорғасын баспахана жабылған соң олардың көбі жұмыссыз қалды. Ал еңбектері өлшеусіз еді. Ең болмаса кәсіби мерекеде олардың елеусіз қалған еңбегін еске алайын, оларды сіздермен таныстырайын дедім, қадірлі оқырманым.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT