{jcomments off}{jcomments on}
Елімізді есеңгіреткен пандемия білім саласына да қатты әсерін тигізді.
Ұстаздар мен оқушылар үйде отырып, телефонға телміруге мәжбүр болды. Бастапқыда білім алу мүмкін еместей көрінген бұл әдіске де біртіндеп бойымыз үйрене бастады. Мұғалімдер қауымы сабақ процесін тоқтатпай, жаңа технология бойынша білім берудің озық үлгілерін іздестірудің қамына кірісті. Үздіксіз іздену мен талмай еңбектенудің арқасында қашықтан оқытудың да қыр-сырын меңгеріп үлгерді. Бұл біздің ұстаздарымыздың ерен еңбегінің үлгісі деп айта аламыз.Онлайн оқу оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек екенін тағы бір дәлелдеп берді. Осы орайда 31 жылдық тәжірибесі бар Ақтоғай орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Зарифа Қожырақова:
- «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқандай, Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойып отыр.
Жаңа оқу жылында қашықтан оқытудың алғашқы күндерінің қорытындысында мұғалім мен оқушы арасында бетпе-бет кездесу, яғни, дәстүрлі оқудың болмауы қиыншылықтар туғызғаны рас.Одан қалса, ауылдық жерде ғаламтор желісінің бірде шығып, бірде шықпауы, өткізіп жатқан сабақтың ортасында күрт жоқ болып кетуі, сабақтың толық өтпей, жартылай үзіліп қалуы да әсер етті. Қашықтан оқытудың отбасымен мектепті қатар алып жүруге айтарлықтай кедергісі жоқ. Дегенмен, таңертеңнен кешке дейін компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болып отырғаның болмаса. Өзімнің 31 жылдық ұстаздық тәжірибемде бірнеше түлек мектепті үздік аяқтап, мамандық алып, еңбек етуде. Олардың арасында ұстаздық жолымды жалғастырғандар да бар. 1 қыркүйектегі Президент Жолдауындағы 2021 жылдың қаңтарынан бастап, мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға өсіретіні туралы жағымды жаңалығы көңілімізге қуаныш ұялатты.
Қашықтан оқудың арқасында әртүрлі платформамен жұмыс жасауды, күнделік kz-тің жаңа қырларын үйрендік. Дарын, онлайн мектеп платформасымен, Bilimland.kz, Zoom бағдарламасымен жұмыс жасап, өзімізге қажетті ресурстарды пайдаланудамыз. Гаджет арқылы білім берудің бір тиімдісі, мұғалім мен оқушының қарым-қатынасын кәсіби әрі еркін етеді.
Сонымен қатар, қашықтан оқыту бізге бұрынғыға қарағанда асықпай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оқушылармен көбірек мессенджерлермен қарым-қатынас жасағандықтан, мұғалімдер олардың сұрақтарына ойланып, толық жауап бере алады. Анықтамалық әдебиеттермен салыстырып, мұқият және егжей-тегжейлі жауап беру мүмкіндігі бар.
Оқушылар мен мұғалімдер бейне байланыс арқылы сөйлеседі. Осылайша, олар үйден шықпай-ақ сабаққа қатысады. Бұл ыңғайлы, қауіпсіз, ең бастысы – өскелең ұрпақ өзіне керекті білім нәрімен сусындауда. Менің ойымша, шын жүрегіңізбен қалап, ұмтылсаңыз, сіз кез-келген жағдайға бейімделе аласыз. Ең бастысы — инновациялардың артықшылықтарын табу, содан кейін қателіктермен жұмыс істей білу»-, дейді.
Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – осы ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Абай атамыз айтқандай, «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл», деп адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты деп ерекше атап өткен. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Осы орайда Ақтоғай орта мектебінің 1995 жылғы түлегі Наурызбек Есбосынов:
- Мен қазіргі таңда Зарифа апайдың сабақты қызықты өткізіп, география пәніне деген қызығушылығымды арттырғанының арқасында 1996-2000 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің география пәні мамандығын бітіріп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджер және соңғы кезде менеджер әдіскер болып, қызмет етіп келемін. География пәнін жаңартылған білім мазмұны бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсының тренерімін. География сабағына деген қызығушылығымды арттырып, өмірдегі мамандық таңдауға, яғни география пәні мұғалімі болуыма бірден-бір себеп, Қожырақова Зарифа Қырымқызының еңбегі деп білемін. Апайымыздың арқасында қазіргі таңда осындай жетістіктерге жетудемін.
Зарифа апай – тамаша жан. Өз педагогикасының іс-тәжірибесінде сындарлы оқыту тәсілін қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырады, оқытудың тиімді тәсілі мен әдістерін қолданады, әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасайды. Білім сапасын көтеруде оқушыларға әр қашанда сыртқы уәж арқылы ішкі уәжін дамытуына атсалысып, тиімді кері байланыс орнатып отырады. Кезінде мектепте апайымыз маған география пәнін меңгеруіме атсалысып, тәлім-тәрбие берсе, қазіргі таңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсында бірлесіп, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бағдарламаны талдап, ұсыныс-пікірлер беріп, мұғалімдерді қолдап отырамыз,-дейді Наурызбек Мұрсалимұлы.
К.САПАРҚЫЗЫ