Махамбет ауылдық округінің әкімі Басерет Мыңбаев жеті еңбек ардагерін үйлеріне барып арнайы құттықтады.
-Біздің балалық шағымызды соғыс ұрлады. Біз тіпті нанды көрмей өскен баламыз. Ақ бөлкені тек ауылдық кеңестің төрағасының, дүкеншінің балалары ғана жейтін еді. Біз болсақ, бір үзім нанға зар болдық. Үлкендерге еріп, әншоқай теріп жегеніміз есімізде. Мектепте 4 сыныпта оқып жүргенімізде ауылдың балаларына еріп, даладан жұмыртқа да тердік. Сондай-ақ шөмеле үйіп, шөп тасыдық, – деп балалық шағынан сыр шерткен ұзақ жылдар аудандық ауруханада бас дәрігер болған Сайын Иманғалиев «Атырау», «Жайық шұғыласы» газеттерін жата-жастана оқитынын да атап өтті.
Сонымен қатар округ әкімі ардагерлер Х.Жұбатқанов, Шахманов, С.Жайықов, Н.Жұмалиева, М.Есқабыловтардың шаңырақтарына кіріп, құттықтап шықты.
Ерлі-зайыпты ардагерлер Тыныштық Үмбеталиев пен Ұлжалғас Баетованы да мерекемен құттықтауды ұмытпады. Биылғы жылы мерейлі 80 жасқа толған Тыныштық ағамыз бар саналы ғұмырын ауданымыздың әлеуметтік дамуына арнаған жан. Ал Ұлжалғас анамыздың аудан мәдениетіне елеулі үлес қосқанын, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын алғанын дүйім жұртқа белгілі.
Округ әкімі Б.Мыңбаев барлық ардагерді мерекемен құттықтап, аудан әкімі атынан «Құттықтау хат» пен гүл шоқтарын ұсынды.
А.АРМАНОВА