Ұстаз – ұрпақ тәрбиесіндегі ең ұлы қызмет. Ал бір әулеттен бірнеше педагог шыққан отбасылар қандайма марапатқа болмасын лайықты.
Ата-ананың жолын жалғап, аманатқа адалдық танытып, бар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстаздар династиясы – ақжайықтық Нұралиевтер жанұясы. Әулеттің отағасы – қатардағы ұстаздан бастап мектеп директорлығына дейін абыроймен жұмыс жасаған Қуаныш Нұралиев.
Қуаныш аға 1940 жылы 15 қарашада 8-ауылда қарапайым отбасында дүниеге келген. 1957 жылы Қызылүй орта мектебін тәмамдап, Гурьев педагогикалық институтына оқуға түседі. Институтты қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мектептеріндегі орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша 1962 жылы бітіріп шығып, сол жылы оқу бөлімінің жолдамасымен 11-ауылдағы Фурманов атындағы мектепке қызметке орналасып, сол мектептің негізінде ашылған Есбол орталау мектебінде орыс тілі мұғалімі болып, 1978 жылдар аралығында қызмет атқарады. Кейін сол мектептің директоры лауа- зымына тағайындалады. Аудандық партия комитетінің ұйғарымымен 1984 жылы Ақжайық селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, 1989 жылы өз өтініші бойынша мектепке ауысып, Қызылүй орта мектебінің директоры қызметін 2004 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарды.
- Әкеміз соғысқа кеткенде жанұяда бір ұл, бір қыз қалған. Жалпы әулеттегі алғашқы мұғалімдікті өзім бастадым. Кейін балаларым жалғастырды. Біздің кезімізде ұстаздық қызметке деген қызығушылық жастарда өте жоғары болатын. Қазіргідей кадр жетіспеушілігі ол заманда да болды. Өмірінің соңына дейін мұғалімдік қызмет атқарып, мектеп басқарған нағашым Жабу Дөкесовтің жолымен кеттім. Азды-көпті атқарған жұмысымызды елеп-ескеріп, түрлі марапаттарды, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі атағын алдым. Мектебімізден елге танымал талай тұлғалар шықты. Ең алғашқы жетекшілік еткен сыныбым – сегіз оқушысы ғана болған сегізінші сынып. Өзім білім берген оқушылар арасынан Бақтықожа Ізмұхамбетов, оның жолдасы Ырысты, Атшыбай Есенғалиев, Жеңісбек Мұстафин, Владимир Сандыбаевтарды ерекше атап өтер едім,-дейді ардагер-ұстаз.
Әулеттің отанасы Балзира Дүйсенова 1943 жылы 10-ауылда дүниеге келген. Кейін 11-ауылға көшіп келіп, осы жерден білім алып, Фурманов мектебін аяқтайды. Бір жылдық курсты аяқтап, кітапханашылықты меңгерген Балзира апай 10 жылдай кітапханашы әрі клуб меңгерушісі болады. Қуаныш аға екеуі 1964 жылы шаңырақ көтереді. Жоғары білім алуды көздеген апай Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. 1972 жылдан бастап бастауыш сыныпқа сабақ беріп, 20 жылдан кейін зейнеткерлікке шыққан.
Ғұмырының 40 жылын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз Қуаныш Нұралиев зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бүгінде жасы сексенге таяған Қуаныш аға елу жылдан астам бір шаңырақ астында жұбайы Балзира апамызбен тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Олардан тараған ұрпақтары арасында екі ұлы мен қос қызы әке-шешелерінің жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдаған. Бүгінгі күні қолдарындағы келіні де мектепте ұстаздық қызметте. Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ