Үміт Төленова, кәсіпкер: «Бала да, бизнес те – Алланың берген сыйы»

Соңғы жылдары елімізде бизнеске бет бұрған нәзік жандылардың қатары артып келеді. Жуырда 7kun.kz сайтынан елде әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 43%-ға жетті деген ақпаратты байқап қалдым. Бұл туралы Алматыда өткен «Women in Business» форумында айтылыпты.

Расында қазақ халқы «әйел адам қырық жанды» деп бекер айтпаса керек. Отбасы, бала-шаға, үй тірлігінен бөлек кәсіпті де дөңгелетіп отырған мықты әйелдер, іскер әйелдер біздің ауданда да жетерлік. Солардың бірі – «Ерсұлтан» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер, көпбалалы ана Үміт Төленова. Жолдасы Ринат Ізбасаров екеуі отау құрғаннан кейін осы салаға қадам басып, еңбектене бастайды. 2012 жылы жеке кәсіпкерлігін ашып, 2018 жылы үлкен ғимараттың құрылысын бастап кетеді. 2019 жылы несие алып, ары қарай құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ғимаратты пайдалануға береді. Оның ішінде көлік жуу орны, азық-түлік дүкені, сұлулық салоны, шаштараз, әйел адамдарға арналған қызметтің барлық түрі қамтылған.

– Бастапқыда бәрі қиын болды. Несиеге кәсіп бастау оңай емес. Бірақ біз тәуекелге бардық, сол үшін күні-түні жұмыс жасадық. Қазір ел қатарлы кәсібіміз жүріп жатыр. Әлі де дамытуды көздейміз. Ауылда жоқ, халыққа қажет бизнесті бастауды ойлаймыз. Кәсіпкер қашанда сұранысқа қарай жұмыс жасауы керек,-дейді Үміт Асқарқызы.

Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған отбасының балалары да еңбекқор. Сабақтан тыс уақыттарында аналарына көмектесіп, дүкеннің тірлігіне де қарасып жүреді. Бала күтімімен демалыста отырған, жұмыссыз, кәсіп бастаймын деген аналарымызға, қыз-келіншектерге кәсіпкер әйелдің айтар кеңесі:

–Әйел адам өзіне деген сенімін жоғалтпасын. Біз мықтылығымызды жақындарымыз қолдау білдіргенде ғана сезінеміз. Жолдасы, отбасы қанаттандырып отырса, қандай қиындықты да әйел заты жеңеді. Тоқырау болмайды емес, болады. Жеке кәсіптің де өз кемшіліктері, артықшылықтары бар. Бірақ берілмейміз. Әрқашан алға бір қадам артық жоспарыңыз болсын. Сонда бәрі жақсы болады. Мен үшін балаларым да, бизнесім де – Алланың берген сыйы,-дейді көпбалалы кәсіпкер ана Үміт Төленова.

Үміттің үмітін ақтаған, арманын орындаған кәсібі қазір жанданып жатыр. Үлкен қызы студент атанып, мемлекеттік грантпен оқуға түсіпті. Кішкентайы – небәрі 4 айлық. Соған қарамастан болашақ жоспарларын ойластырып, жаңа қадамдарға дайындалып жүрген іскер әйелге тек сәттілік тілейміз!

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT