Гүлнар Қуанышева, медицина саласының ардагері: «Дәріні де жасадық, дәріхана да аштық»

Дәрі-дәрмек шығару саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданның денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан нәзік жанды, ақ халатты абзал жандардың бірі, тіпті дәрі-дәрмек тапшы кездері Махамбетте соны жасап шығаруға елеулі үлес қосқан медицина саласының ардагері Гүлнар Қуанышева жайлы білесіз бе?

Гүлнар Қуанышева – Қарағанды өңірінің тумасы. Бала кезінен осы саланы армандаған ол арман қуып Алматыға барып, С.Асфендияров атындағы медицина институтына оқуға түседі. Сол жерде өңірімізге, ауылымызға танымал, сыйлы азамат ағамыз Исабай Қуанышевпен танысып, 1974 жылы шаңырақ құрады. Ол кезде Исабай аға мединституттың 5-курс студенті болса керек. Содан Гүлнар апай алыс Атыраудың 13-ауылына келін болып түскен. 1975 жылы Г.Қуанышева медицина институ[1]тын ойдағыдай аяқтап, Махамбеттегі орталық дәріханаға химик-аналитик болып жұмысқа орналасады. Кейін 1977 жылы Новобогат ауданы бөлінген соң дәріхана меңгерушісі болып 1995 жылға дейін қызмет етеді. Сол жылдары елімізде жаппай жекешелендіру жүріп, дәріханалар түгелге жуық жабылады. Алайда дәрі-дәрмек халыққа қажет болғандықтан, Жайық жағасындағы екіқатарлы үй 1987 жылы жекешелендіріліп, 1995 жылы дәріхана ретінде ашуға рұқсат етіледі. Сөйтіп, Гүлнар апай өз жұмысын осы дәріханада жалғастырыпты. Сол күндерді бір еске алған апайымыз:

–Біз ауданның емдеу мекемелерін, тіпті Теңдікке дейін дәрі-дәрмекпен қамтыдық. Сол кездің өзінде ауданда тек он шақты дәріхана болды. Біз дәрі-дәрмекті қолдан жасағанымыз рас. Арнайы рұқсатымыз болды. Дәрі жасау оңай шаруа емес. Жасалған дәрінің құрамын, бәрін аналитик маман тексеріп отырды. Қанға кететін дәріні де жасадық. Ал оны арнайы рұқсатсыз жасауға болмайтын еді. Бүгінде дәріханаларда дайын күйінде келетін физертіндіні де жасағанымыз есімде. Жалпы дәріхана саласында 20 шақты штат болды. Сол кезде Заурал, Чкалов, Таңдай, Аққыстау, Чапаевта, тіпті совхоздардың да өз дәріханасы бар еді. Облыстан айына екі рет дәрілерді бөліп жіберетін. Ал біз оны барлық медпункттерге таратамыз. Шағын дәріханамызда ассептикалық бөлме, зертхана, қойма болды.

Біздің мекеме мемлекеттік жоспарды артығымен орындап, ылғи облыста жүлделі орындарды алушы еді. Дәріханаларға да ол кезде дәрі шығарып, оны сатуға арналған арнайы жоспар беретін. Сол жылдары аудандық аурухананы Ж.Жарылғасова есімді білікті бас дәрігер басқарды. Қай жерде жиын, жиналыс, сайлау өтіп жатса, жәрмеңкеге де дәріхана қыздары бірге барып, тағайындаусыз дәрілерді апарып сататын. Малшыларды аралап, автопойыз да жүрді. Кітапхана, автоклуб, автолавкалармен бірге дәріхана қыздары Тайсойған, Есмахан, Жанбай, Көздіқара елді мекендерін, қыстақтарды да дәрі-дәрмегін алып, бірге аралады. Осындай әрі қиын, әрі қызықты жылдарды бастан өткердік. Қазір шүкір, дәрінің де, дәріхананың да дәуірі жүріп тұр. Ауырғанда шауып барып, кез келген дәріңізді ала аласыз. Бұл да бір заманның кеңдігі, ғылымның дамығаны деп қуанамыз,- дейді ардагер маман.

Ұзақ жыл бойы дәріхана ісін жүргізіп, нар тәуекелге барып, дәрі жасау ісін де дер кезінде қолға ала білген отбасылық дәрігерлер 1995 жылы сол шағын дәріханасын жекешелендіреді. Сөйтіп, аудан бойынша №1 дайын дәрі сататын дәріханаға айналады. 2010 жылы апай зейнеткерлік демалысқа шыққан. Бірақ 30 жылға жуық осы салада еңбек еткен ол әлі де сүйікті кәсібімен айналысып отыр. Үлгілі отбасында Исабай ағамыз екеуі қос ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қыз қияға, ұл ұяға қонып, әрқайсысы бір-бір саланың маманы атанып отыр. Төрт немере, бір шөберенің әжесі болып отырған Гүлнар апай ар[1]тынан ізбасарын тәрбиелеп жатыр. Жанель есімді немере қызы жолын қуып, қазір қасында жұмыс істеп жүр.

«Қашан толық меңгеріп, осы салада маман болғанша Жанельге жол көрсету – парызым»,- дейді дәріханашы Гүлнар апай әңгімесінде.

Саналы ғұмырын осындай пайдалы әрі қиын салаға арнаған Гүлнар апамызды жастар үлгі тұтса екен. Әрі дәріханашы, әрі кәсіпкер болып, аяулы жар, ардақты ана атанған қазақтың осындай қайсар әйелдері қандай құрметке де лайық.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT