Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев Бейбарыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдады.
«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ауылдық бюджет есебінен балалар ойыны алаңы құрылысы басталып, 2022 жылы жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Ауылдың 1984 жылы туған ауыл мектебінің түлектерінің қолдауымен саябақ салынды. «АтырауИнжСтрой» мекемесінің демеушілігімен ашық спорт алаңы салынып, халық игілігіне салынды. Округ сенімгерлігіне бір дана трактор тіркемесімен және қосымша құралдарымен берілді. Сонымен қатар ауылда дәріхана құрылысы жүруде. Аудан әкімдігінің қолдауымен «Бейбарыс-Атырау» бағытындағы жолаушылар тасымалы 1-наурыздан бастап қатынай бастады. Жолақысы – 400 теңге.
– Ауданға қарасты Жалғансай, Есбол, Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл ауылдарына ашық спорт алаңын салу бойынша жоба дайын. Құны – 205,0 млн теңге. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 50 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қажетті қаржыға облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс берілді. Қалған 155 млн теңге наурыз айындағы облыстық мәслихат отырысында қаралатын болады,- деді аудан әкімі.
Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылының кірме жолының құжаттарын «ИнтерГазОрталықАзия» мекемесінің меншігінен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің меншігіне алынып, жер актісі жасақталды. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өткен, қаржы бөлінуіне байланысты шешілетін болады. Талдыкөл ауылындағы негізгі мәселенің бірі – судан қорғау бөгетін жасақтау.
– Жаңа мөлтек ауданға 160 орындық балабақша салынып, пайдаланылуда және екі тұрғын үй орналасқан. Балабақша орналасқан жерден бастап бөгеттің 850 метр жерін жаңа «Сары Өзек» каналының бойына көшіріп, қосымша 2,4 шақырым жаңадан бөгет салу үшін 2019 жылы ЖСҚ жасақталған болатын. Мерзімі өтіп кеткен, қайтадан ЖСҚ жасақтауды қажет етеді. Мешіттің жанындағы Жайық өзенінің жағалауына, яғни 250-300 метр аумаққа демеушілікпен бөгет салуды қажет етеді. Талдыкөл ауылына Жайық өзенінің жағалауына ұзындығы 2 шақырым бетонмен бекіту жұмыстарына ЖСҚ жасақтауға сұраныс берілді,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Талдыкөл ауылына жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысын салуға аудандық орталық ауруханаға сұраныс берілгенмен, екі жылдан бері осы мәселе шешімін таппай келеді. ФАП бұрынғы ескі мектеп ғимаратында орналасқандықтан, материалдық-техникалық жағдайы сәйкес келмейді. Ескі мектеп орнына жаңа модульдық ФАП ғимаратын салуға жер телімі айқындалып, облыстық денсаулық басқармасы арқылы облыстық құрылыс басқармасына сұраныс берілді.
Сұрақ-жауап форматында өткен жиында ауыл тұрғындары тарапынан жайылым мәселесі, канал, ауыл шаруашылығы, бұралқы иттерді аулау, дәрігер мамандардың тапшылығы, балалар ойын алаңын салу сынды мәселелер көтерілді. Аудан әкімі тұрғындар тілегін, ұсыныс-пікірлерін тыңдай келіп, көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, кейбір мәселелер уақытты қажет етсе, кейбірі зерделеуді талап ететінін жеткізді. Кездесу соңында азаматтармен жеке қабылдау өткізіліп, қойылған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптар берілді.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ