Астанада жаратылыстану- математикалық бағыттағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Елімізде тұңғыш рет өткізілген білім бәйгесінде Атырау облысы атынан қатысқан Махамбет ауданының оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.
Олимпиада қорытындысымен Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дильназ Серікова биология пәнінен 2 орынды иеленді. Онымен қоса Дильназ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының грантын жеңіп алды.
— Ауыл мектептері үшін ұйымдастырылған байқау – интеллектуалды өсуге тамаша мүмкіндік. Олимпиада тек жүлде ғана емес, бұл – жаңа танысулар мен тәжірибе. Ой жарысынан орын алып қана қоймай, университет ректорының грантын жеңіп алғаныма қуаныштымын. Осындай мүмкіндік үшін көп рахмет. Мені қолдаған ата-анама, ұстаздарыма және достарыма алғысымды білдіремін,- дейді оқушы.
Олимпиадада өз бағын сынаған Жалғансай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Саламат Жайғали информатика пәнінен 3 орынға қол жеткізсе, О.Шонаев атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы информатика пәні бойынша қатысқан Аяулым Нәсіпқали сертификатқа ие болды.
Айта кетейік, олимпиада кезінде «Астана достарын қарсы алады» бағдарламасы ұйымдастырылып, «Дарынды және жоғары ынталы оқушыларды дамыту үшін педагогикалық бағдарламаларды әзірлеудің заманауи тәсілдері» атты республикалық семинар ұйымдастырылды. Оқушылар ҚР Ұлттық музейіне саяхат жасады. Күн сайын психолог мамандармен өткен ойын-тренингтер де қатысушылардың көңілін көтерді.
Ауылдық жерден келген дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауды көздеген олимпиаданың III кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады.
Жүлдегерлерді Атырау теміржол вокзалынан ата-аналары мен ағайын- туыстары, ұстаздары мен сыныптас- тары зор қошеметпен қарсы алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000-нан астам оқушы қатысқан олимпиадада жоғары жетістікке қол жеткізген аудан оқушыларын құттықтаймыз.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ