Мемлекет пен қоғам арасындағы ашық әрі институционалдық диалогті нығайтуға бағытталған Ұлттық құрылтайдың кезекті V отырысы Қызылорда қаласында өтіп, онда ел өміріне қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық пікірге негізделген нақты ұсыныстар айтылды.
Соның ішінде ұлт руханиятын жаңғырту бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қолға алынбақ. Бұл бағытта еліміздің көптеген театрлары мен мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа театрлар бой көтермек. Сонымен қатар, сан мыңдаған жылдар бойы келе жатқан көне жәдігерлеріміздің ордасы музей жұмысын ұйымдастыру заман талабына сай жүргізіліп, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін заманауи кітапхана салу бастамасы да биыл қолға алынбақ.
Соңғы жылдары еліміздің рухани-мәдени мұрасын күллі әлемге паш ету мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар жалғасын тауып келеді. Осы ретте Сыр өңіріндегі келелі жиында ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" деректі мұралар тізіміне еліміздегі танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлерді енгізу мәселесі көтерілді. Алдағы уақытта аталмыш тізімге халқымыздың біртуар тұлғасы Абайдың "қара сөздерін" енгізу міндеті тұр.
Бүгінгідей цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заманда ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын "Ұлттық цифрлық мұра" қорын құру идеясын қолдаймын. Бұл бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады", - деп атап өтті.
Құрылтайда көтерілген тағы бір өзекті мәселе - автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту бағытында қолға алынған жұмыстар. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалалар бастау алмақ.
Жиында елдің саяси өміріндегі ең басты өзгерістің бірі - Парламент қызметін түбегейлі қайта құру туралы кеңірек сөз болып, мемлекеттік институттың символы ретінде оған "Құрылтай" атауын беру туралы ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, мемлекеттің басты құжаты - Ата Заңның заман талабына сай болуы және оның кейбір тұстарын нақтылау жөнінде, кезінде мәтінінде жіберілген терминологиялық, стильдік кемшіліктерді түзету бойынша да тапсырмалар жүктелді. Осыған орай алдағы уақытта Конституциялық комиссия құрылып, нақты өзгерістердің жобасы дайын болған соң елде жалпыхалықтық референдум өтетін болады.
"Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз - болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруміз керек", - деп Президентіміз айтқандай, еліміздің саяси-экономикалық және рухани болмысын өзгерту жолында жасалып жатқан осынау ауқымды жұмыстардың жергілікті деңгейде жүзеге асуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосумыз керек.
Р.Әженов,
Махамбет аудандық қоғамдық кеңес төрағасы
Уақыт көшінен қалмай, алға жүруміз керек
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 11


