Тырысқақ туралы не білеміз?

Тырысқақаса қауіпті, адамдар арасында тез тарайтын ішек инфекциясы. Бұл ауру адамзатты апатқа ұшырату жөнінен оба­дан кейінгі екінші орынды алды. Тырысқақтың тым жұқпалы ауру екені тіпті біздің дәуірімізге дейін 500 жыл бұрын жазылып қалдырылған. Тырысқақ тек XIX ғасырдың басында ғана 1817 жылдан бері халықаралық қарым-қатынастар дамығаннан бастап, Үндістанның шекарасынан өтіп, бүкіл дүние жүзіне тараған.

Тырысқақ Vibrio choiera бактерия­ларымен қоздырылатын, фекальды – оральды механизммен берілетін, көп мөлшерлі сулы диареяның, құсудың әсерінен дамитын дегидратация және деминерализациямен сипатталатын жедел карантинді және конвенциялық жұқпалы ауру. Тырысқақ антропоноз­ды инфекциялар тобына жатады.

Аурудың көзі – ауру адам және вибриотасымалдаушы (антропоноз). Берілу механизмі – фекальды – оральды. Берілу жолдары – су арқылы, тағам арқылы, тұрмыстық қарым- қатынас арқылы. Таралу жолының ішінде кең таралғаны – су арқылы (ауыз суы, көкөністерді жуу, суға түсу арқылы).

Маусымдылығы – жаз-күз ай­лары. Сұйықтықты көп қолдану асқазан сөліндегі тұз қышқылы концентрациясының төмендеуіне әкеледі. Қоздырғышпен ластанған суды ішкенде, шаруашылыққа пайдаланғанда немесе жеміс- жидектерді, көкөністерді жуып, шайған кезде адамға жұғады. Тырысқақ вибри­оны адамның аузына түскеннен кейін өңеш арқылы қарынға, одан кейін аш ішекке өтіп, орасан көп мөлшерде молаяды. Жасырын кезең өтісімен- ақ аурудың алғашқы белгілері пай­да бола бастайды. Аурудың алғашқы белгісі – іштің өтуі. Науқастың іші ауырмайды, дерттік күшену болмай­ды, нәжісі сұйық, түсі лайлы ақ түсті келеді. Сұйықтықта жүзген үлпекті көруге болады. Науқастың нәжісі күріштен жасалған қайнатпаға қатты ұқсас және жиі болады. Аз уақыттан соң адамның жалпы әлсіздігі күшейіп, басы айналады. Содан соң құса бастайды. Құсықтың түрі де күріштен жасалған қайнатпаға өте ұқсас болады. Сырқаттың бұл көріністеріне балтыр, саусақ, аяқ еттерінің ауырып, құрысып-тырысуы қосылады. Содан соң құсумен іштің өтуі сирейді, дененің температура­сы 35 градусқа дейін төмендейді. Соған қарамастан ауру адам тоңғанын сезбейді. Дене температурасы суып, денесінен жабысқақ тер шығады. Саусақтарының терісі тырысып, «кір жуушының» қолына ұқсап кетеді. Беті, қолы, аяғы көгереді. Ауырған адамның халі нашарлап, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кетеді, терісі қатпарланып, жи­ырылып тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады не­месе мүлдем шықпай қалады. Егер науқасты дер кезінде емдемесе, ол қайғылы жағдайға ұшырайды.

Тырысқақ ауруының алдын алу мақсатында жаз мезгілінде тексеріліп, белгіленген жерлерге шомылып, көкөніс және жеміс-жидектерді сумен мұқият жуып пайдалану қажет. Сондай –ақ жеке бас гигиенасын, әсіресе ба­лалар арасында қатаң сақтау маңызды.

Ауыз суды міндетті түрде қайнатып ішу керек. Ас дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық айдындардың, арықтардың суын пайдаланбаңыз.

Ас ішер алдында, сырттан келген­де, дәретханадан кейін қолдарыңызды сабындап жуыңыз. Егер сізде диарея болса, әсіресе ауыр түрі немесе жиі құссаңыз, шұғыл арада медициналық көмекке жүгініңіз.

Әрбір адам жеке бас гигиена­сын қатаң сақтау арқылы қоршаған ортаның қауіпсіздігіне көмегін тигізері сөзсіз.

И.САРБАЛИНА,

Махамбет аудандық обаға қарсы күрес бөлімше зертханасының меңгерушісі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT