Терроризмге қарсы күрес – ел қауіпсіздігінің кепілі

Қазіргі заманда терроризм – жаһандық қауіп-қатердің ең өткір түрлерінің бірі. Ол тек бір елдің ішкі мәселесі емес, бүкіл адамзатқа төнген ортақ қауіпке айналды. Террористік әрекеттер адамдардың өміріне, қоғамның тұтастығына, мемлекеттің тұрақтылығына қатер төндіреді. Сондықтан терроризмге қарсы күрес – кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігінің басты бағыттарының бірі болуы тиіс.

ТЕРРОРИЗМНІҢ ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕНУІ

Терроризм – зорлық-зомбылық арқылы қорқыныш тудырып, са­яси, діни немесе идеологиялық мақсаттарға жетуге бағытталған әрекет. Бүгінгі күні терроризм дәстүрлі қарулы шабуылдардан бөлек, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы да белсенді түрде таралуда. Әсіресе жастарды радикалдандыруда онлайн платформа үлкен рөл ойнауда.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ШАРАЛАР

Қазақстан Республикасы терро­ризмге қарсы күресті мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде жүргізіп келеді. 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс- қимыл туралы» заң қабылданып, осы саладағы құқықтық негіз қаланды. Со­нымен қатар арнайы мемлекеттік ор­гандар, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Дін істері жөніндегі басқармалар және жергілікті әкімдіктер өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеді.

Жат идеологияның алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстары, діни сауаттылықты арттыру, жастармен жеке және топтық форматта кездесулер өткізу қолға алынған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде радикалды идеологияны әшкерелеу бағытында материалдар жиі жария­лануда.

ҚОҒАМНЫҢ РӨЛІ

Терроризмге қарсы күресте тек мемлекеттік құрылымдарға сеніп отыру жеткіліксіз. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр азамат қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, деструктивті идеологияға қарсы тұруға атсалы­суы қажет. Ата-аналар балалары­мен ашық сөйлесіп, ұстаздар мен дін қызметкерлері жастардың діни са­уатын көтеруге назар аударуы тиіс. Терроризммен күресте ең басты қару – білім мен түсіндіру. Адасқан адамды жазалау емес, оны райынан қайтарып, дұрыс жолға бағыттау – ең ізгі әрі тиімді тәсіл. Бірлік пен бейбітшілікті сақтау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Қазақстан қоғамы тер­роризмге ешқашан жол бермейтін, төзбейтін, салауатты сана мен рухани иммунитетке ие болуы тиіс.

 

Е.АСҚАРҰЛЫ,

«Шапағат» деструктивтік діни

ағымдардан жапа шеккендерге

көмек орталығы» қоғамдық

қорының теолог маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT