АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАСЫ

ОЛАРҒА «АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР», «АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАСЫ» ДЕП ТЕҢЕУ АЙТЫП ЖА­ТАМЫЗ. ЕЛІМІЗДЕ МАУСЫМ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – ДӘРІГЕР ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІ АТҚА ЛАЙЫҚ ЖАНДАРДЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ. ХАЛҚЫМЫЗ «БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ» ДЕСЕ, СОЛ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ МАМАНДАРЫ, АДАМЗАТ ӨМІРІНДЕГІ ЕҢ МАҢЫЗДЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ КҮНІ ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ САЙЫН ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ АТАП ӨТІЛЕДІ. 1998 ЖЫЛЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫМЕН БЕКІТІЛГЕН БҰЛ ДАТАНЫҢ ТАРИХЫ ӘРІДЕ.

Нақтырақ айтсақ, 1980 жылдың 1 қазандағы Жоғарғы кеңес төр- алқасының қаулысымен Медици­на қызметкерлерінің күні ресми бекітілген. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы көптеген елдер бұл мерекеден бас тартып, са­наулы елдерде әлі күнге дейін айту­лы күн өз күшінде қалды. Медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін барлық жағдай жа­салуда. Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Конституцияда елдің басты байлығы халық деп көрсетілсе, сол халықтың саулығы үшін бұл саланың мәселесі қашанда бірінші кезекке қойылуы керек секілді. Әлбетте, медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін елімізде барлық жағдай жаса­лып, білім гранттары мен тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Өткен жылы Атырау облысының дәрігерлері үшін бастапқы жарна­сыз тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Оны облыс әкімдігі мен Отбасы банк бірлесе оты­рып жүзеге асырды. Ипотекалық жылдық мөлшерлеме 5% болатын, ең жоғарғы несиелік сомасы 25 млн, теңгені құрайтын кез келген баспананы дәрігерлер енді тиімді жолмен ала алады. Ал, жыл сайын елімізде бұл саланың мамандарын даярлауға бөлінетін білім гранттарын есептесек, 2024 жылы 1800 болса, биылғы 2025 жылға оның саны 2000- ға дейін ұлғайтылады делінген.

Жалпы еліміздегі медицина саласындағы бірқатар өзгерістерді бағамдай келе, отыз мыңнан астам халқы бар Махамбет ауданын қамтамасыз етіп отырған аудандық емхананың хал-ахуалы жайлы да сөз қозғағымыз келді. Жуырда аудан әкімінің кезекті есеп беру жиында­рында аудандық ауруханаға жаңадан медициналық құрылғылар келгені ту­ралы естіп, білген едік. Бұдан бөлек маман тапшылығы мәселесі де жиі айтылып жүр. Осы сынды ауданның денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды деген сауалдармен ме­реке қарсаңында емхананың бас дәрігері Сержан Тұрсыметұлына хабарластық.

«Бүгінде 49 жоғары білімді дәрігер, 177 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайтын ауданның денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы әлі де білінеді. Жас ма­мандар неге ауылдың ауруханасы­на жұмысқа тұрақтамайды? Бүгінде қанша дәрігер маманды қажет етіп отырмыз?» деген сауалымызға бас дәрігер былай жауап берді:

- Ауданға маман шақырту бойынша біршама жұмыстар атқарып келеміз. Атап айтқанда, денсаулық сақтау басқармасына аудан орталығына келген мамандарға 8.5 млн теңге, ау­ылды жерлерге 10 млн тенге көтерме ақша қайтарымсыз берілуде. Аудандық әкімдік тарапынан ба­спанамен қамтамасыз етіліп және де 100 айлық есептік көрсеткішпен қайтарымсыз береді. Қазіргі таңда аудандық ауруханаға бір терапевт, бір көз дәрігері және бір хирург дәрігері жетіспейді.

- Аудандық емхананың базасы жаңа медициналық аппараттармен толығып жатыр екен. Сол туралы толығырақ айтсаңыз?

- Аудандық ауруханаға стационарға және емханаға 2 рентген аппарат және бір лор комбайн аппараты келді. Бүгінде науқастарға ең қажетті құрылғы гемодиализді ашу жоспар­ланып отыр. ВВ-NURA клиникасы­мен келісіліп, құжаттар жасақталуда. Сонымен қатар КТ аппаратына өтінім беріліп, оны қондыру да жыл соңына жоспарлануда. Ал, ФГДС аппараты аудандық емханада 2020 жылдан бері бар.Осы жылдан бастап облыстан маман шақыртып әр сенбі күні пациенттер қабылдауда. Барлық аппараттарға қаражат облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бөлінеді. Аппаратта жұмыс жасай­тын, меңгерген мамандар өзімізде бар.

- Білуімізше ауруханада УДЗ ап­параты біреу? Жүкті әйелдер мен басқа да науқастарды екі дәрігер бір аппаратпен тексеруге мәжбүр. Бұл мәселе биыл шешімін таба ма?

- 2024 жылы УДЗ емханадағы аппаратының қолдану мерзімі аяқталып, есептен шығарылған.

- 2025 жылдан бастап жаңа УДЗ аппаратына өтінім берілді. Алдағы уақыттың еншісіндегі бұл мәселе де шешілетін болады.

- Медициналық сақтандыру, тегін дәрі-дәрмек беруге қатысты Ма­хамбет аудандық ауруханасында қандай мәселелер шешімін таппай келеді?

- Қазіргі таңда сақтандыру бой­ынша бірқатар мәселелер бар.Атап айтқанда, аудан бойынша 2900 адам сақтандырылмай отыр. Бұл са­наттарда жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер бар. Мамандар міндетті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Дәрі-дәрмекке келетін болсақ, есеп­те тұрған науқастарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ – 75 бұйрығына сәйкес өтінім беріліп, науқастарға тараты­лып отыр.

- Ауылдық елді мекен бөлім- шелерінде мамандар, қызметтік көліктер жеткілікті ме? Соңғы жылдардағы аурухана ұжымының қандай жетістіктерімен мақтана аламыз ?

- Ең басты жетістігіміз, ол әрине, аудандық ауруханада 2 жылдың көлемінде мамандармен қамтамасыз ету 95 пайызға дейін артты. Дәрігерлердің толығуымен негізгі көрсеткіштеріміз де жақсаруда. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді жылжымалы меди­цинамен қамтамасыз ету пайы­зы жоғарылады. Барлық ауылдық дәрігерлік амбулаториялар дәрігер- мен қамтамасыз етілген. Бәрінен де маңыздысы – салауатты өмір сал­тын ұстанатын ұрпақтың көбеюі, ұлт саулығының жоғарылап, өз өміріне жауапкершілікпен қарайтын тұрғындар қатарының артқаны, -дейді аудандық емхана басшысы Сержан Сандыбаев.

Медицина саласы біздің ауданның, аймақтың ғана емес, еліміздің ең шешуші, маңызды салаларының бірі. Бұл саладағы олқылық ондаған, жүздеген адамның өмірін қатерге тігуі мүмкін. Сондықтан жетістігі болса мақтап, кемшілігі болса сынап, сын арқылы шыңдалып келе жатқан денсаулық сақтау ұжымдарының арқалаған жүгі қашанда ауыр, ал дәрігерлер де қарапайым адамдар екенін ұмытпайық.

А.САТАЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT