Тырысқақ – аса қауіпті ауру

Тырысқақ – аса қауіпті, адамдар арасында тез тарайтын ішек инфекциясы. Бұл ауру адамзатты апатқа ұшырату жөнінен обадан кейінгі екінші орынды алды. Тырысқақтың тым жұқпалы ауру екені тіпті біздің дәуірімізге дейін бес жүз жыл бұрын айтылған. Тырысқақ тек XIX ғасырдың ба­сында ғана, 1817 жылдан бері халықаралық қарым-қатынастар дамығаннан бастап, Үндістанның шекарасынан өтіп, бүкіл дүние жүзіне тараған.

Тырысқақ – Vibrio cholera бактерияларымен қоздырылатын, фекальды-оральды механизм­мен берілетін, көп мөлшерлі сулы диареяның, құсудың әсерінен дамитын дегидратация және деминерализациямен сипатталатын жедел карантинді және конвенциялық жұқпалы ауру. Тырысқақ антропонозды инфекциялар тобына жатады. Аурудың көзі — ауру адам және ви­бриотасымалдаушы (антропоноз). Берілу механизмі – фекальды-оральды. Берілу жол­дары – су арқылы, тағам арқылы, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы. Таралу жолының ішінде кең таралғаны су арқылы (ауыз суы, көкөністерді жуу, суға түсу арқылы). Балық, криветка, бақалар арқылы жұғуы да мүмкін. Тырысқаққа қабылдаушылық жоғары, ауруға барлық адамдар сезімтал. Эндемиялық реги­ондарында көбінесе балалар мен егде адамдар науқастанады.

Маусымдылығы — жаз-күз айлары. Бұл мезгілде көп мөлшерде су қолданылады және суға түсу жоғары болады. Сұйықтықты көп қолдану асқазан сөліндегі тұз қышқылы концентрациясының төмендеуіне әкеледі. Қоздырғышпен ластанған суды ішкенде, шаруашылыққа пайдаланғанда немесе жеміс- жидектерді, көкөністерді жуып-шайған кезде адамға жұғады. Әсіресе су арқылы жұққан кезде ауру бір мезгілде бұрқ етіп, халық арасында лезде тарайды. Тырысқақ вибри­оны адамның аузына түскеннен кейін өңеш арқылы қарынға, одан кейін аш ішекке өтіп, орасан көп мөлшерде молаяды. Жасырын кезең өтісімен-ақ аурудың алғашқы белгілері пайда бола бастайды. Аурудың алғашқы белгісі – іштің өтуі. Науқастың іші ауырмайды, дерттік күшену болмайды, нәжісі сұйық, түсі лайлы ақ түсті келеді. Сұйықтықта жүзген үлпекті көруге болады. Науқастың нәжісі күріштен жасалған қайнатпаға қатты ұқсас, іші жиі өтеді. Науқастанған адамның жалпы әлсіздігі күшейе түседі, басы айналады. Содан соң құса бастайды. Құсықтың түрі де күріштен жасалған қайнатпаға өте ұқсас болады. Сырқаттың бұл көріністеріне балтыр, саусақ, аяқ еттерінің ауырып құрысып-тырысуы қосылады. Содан соң құсық пен іштің өтуі сирейді, дененің температурасы 35 градусқа дейін төмендейді. Соған қарамастан ауру адам тонғанын сезбейді. Терісі суынып, денесінен жабысқақ тер шығады. Саусақтарының терісі тырысып, «кір жуушының» қолына ұқсап кетеді. Беті, қолы, аяғы көгереді. Ауырған адамның халі өте нашар, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кетеді, терісі қатпарланып, жиырылып тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады немесе мүлдем шықпай қалады, егер адамды дер кезінде емдемесе, ол қайғылы жағдайға ұшырайды.

Тырысқақ ауруының алдын алу мақсатында жаз мезгілінде тексеріліп, белгіленген жерлерге шомылып, көкөніс және жеміс- жидектерді суға жуып пайдаланған аса маңызды. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын, әсіресе балалар арасында қатаң сақтау қажет. Ауыз суды міндетті түрде қайнатып ішу ке­рек. Ас дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық айдындардың, арықтардың суын пайдаланбаңыз. Ас ішер алдында, сырттан келгенде, дәретханадан кейін қолдарыңызды сабындап жуыңыз. Егер сізде диарея болса, әсіресе, ауыр түрі, немесе жиі құссаңыз, шұғыл арада медициналық көмекке жүгініңіз.

Әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтау арқылы, қоршаған ортаның қауіпсіздігіне көмегін тигізері сөзсіз.

С.МАҚИЕВА,

аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521