Археологиялық қазбаларға қауіп бар ма?

Сарайшық ауылында су басу қаупіне байланысты жағалауларды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жайықты қоршап жатқан елдімекенмен қатар археологиялық қазбалар да су астында қалуы мүмкін бе? Су тасқынының алдын алу бойынша қандай шаралар жа­салуда?

«Сарайшық» жаңа туристік орталығына да, археологиялық қазбаларға да қауіп төніп тұр, өйткені бөгеттердің барлығы жер бетімен деңгейлескен. Сондықтан су тасқынына дайындық жұмыстарына «Сарайшық» тарихи-мәдени музей- қорығының да қызметкерлері белсенді атсалысуда. – Дамбы соғу жұмыстарын жүргізуге арналған нақты аймақтар берілген. Музей қызметкерлері Жайық жағалауындағы қақпа маңы, канал бойында құм толы қаптарды дай­ындап, Сапар орталығындағы ге­нератор, трансформаторларды су­дан қорғау жұмысын жасап жатыр. Алла қолдап, толықтай тасқын судан қорғанамыз деп ойлаймыз,- дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей- қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар.

Өткен аптада Ескі Сарайшықтан топырақ күреу кезінде адамның 12 дана бас сүйегі мен 26 дене сүйегі табылған болатын. 19 ғасырдағы деректер бойынша ортағасырлық Сарайшықтың үстінде 2 христиан зираты, 2 мұсылман зираты болған екен. «Сүйектің шығуы Сарайшық үшін жаңалық емес» деген музей- қорық мамандары археологиялық жұмыстар барысында жылына 40-50-ге дейін адам сүйектерін кездестіретіндігін айтады.

– Табылған сүйектерді жинап, қайта жерлеу ұйымдастырылады. Сол үшін «Құлметен» зиратындағы арнаулы орын дайындалған. Жаға бекіту жұмыстары аяқталғанша мұндай сүйектер әлі де көптеп табы­луы мүмкін,- дейді музей-қорықтың бас инспекторы Айбек Тұрарұлы.

Бүгінде Сарайшық ауылында жаға бекіту жұмыстары қызу жүруде. Ауыл адамдары күндіз-түні қап толты­рып, бөгет салуда. Бұл жұмыстарға 35 техника, мекеме қызметкерлері мен белсенді азаматтар жұмылдырылған. Бір тобы электр, газ желісін тара­татын аумақты қоршау жұмысын жүргізуде. «Ауылымызды қауіптен аман алып қаламыз деп үміттенеміз»,- дейді еріктілер.

– Әрбір трансформатор, газ желілерінің айналасын құм толы қапшықтармен қоршап жатырмыз. Аз ғана топпен осындай жұмыстарды атқарудамыз. Ал үлкен топ Жайық жағасында. Кешкі 7-ге дейін жұмыс істейміз. Кейін кешкі 8-ден 12-ге дейін тағы жұмысқа шығамыз. Құдай сақтасын, тек Алланың көзі түзу бол­сын,- дейді ерікті Әділжан Шаеденов.

Айта кетейік, Жайық өзені бойындағы көне Сарайшық қалашығында болған вице-премьер Қанат Бозымбаев тарихи ескерткіш аумағын сақтау және қорғау жұмыстарын күшейту жөнінде тап­сырмалар берген болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT