Мал басын қырға көшіру басталды

Ауданда су тасқынына қарсы жа­салып жатқан дайындықтың бірі шаруа қожалықтарындағы және жеке тұрғындардың қолындағы төрт түлік малын қауіпсіз жерге көшіру болып отыр.

Махамбет ауданы негізінен ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан өңір болғандықтан мал басын сақтап қалудың маңызы зор. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Олжас Мырзабаевтың айту­ынша, аудан бойынша 51 852 мал басы бар. Оларды судан қорғау мақсатында 22 қауіпсіз айдау бағыттары белгіленген. Қауіпті аймаққа жатқызылған егінмен айна­лысатын 46 шаруа қожалықтарына ескерту жұмыстары жүргізіліпті.

-Көктемгі өр суының құйылуынан Жайық өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты ауылдық округ әкімдерімен, аудандық жер қатынастары бөлімімен және әр ауылдың үлкендерімен бірлесіп төрт түлік мал басын қауіпсіз аймаққа көшіру картасы жасақталды. Көшіру бойынша туындайтын сұрақтар және жұмыс барысы бойынша сізге қатысты ауылдық округ әкімдігімен біріккен түрде атқарылады. Карта­лар ені және бойлық координатта­рымен және навигаторлық марш­руттарымен 2-бағытта жасақталды. Ұялы телефонда GOOGLE MAPS қосымшасы арқылы қарауға болады. Қазіргі уақытта 5 ауылдың мал­дары шығарылатын жер белгіленіп, бақташылары қырға көшуді бастады,-дейді О.Мырзабаев.

Малды қырға көшіруді алғашқы болып бастаған - Бейбарыс ауылдық округі. Ауыл әкімі Сейілбек Зұлқашев жұмысты қалай ұйымдастырғанын айтты.

-Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарының халқын жинап, кез­десу өткіздік. Судан келуі мүмкін қауіптің алдын алу бағытында малды эвакуациялау бойынша жа­салып жатқан жұмысты түсіндірдік. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі дайындаған қауіпсіз жерлердің картасын көрсеттік. Шаруа қожалықтары өз малдарын өздері көшіруі тиіс. Ал ауылдағы жеке тұрғындардың ма­лын қауіпсіз жерде бағуға 3 бақташы шығарылды. Олар баққаны үшін әр сиырға 5000 теңгеден, қойдың ба­сына 1000 теңгеден ақы алатында­рын айтты. Тұрғындар келісімін беріп, малдарын бақташыға жинап тапсыруға дайындалуда. Бұған қоса малды қоршайтын тор, бақташы орналасатын вагон секілді қажетті заттарды да тұрғындар өздері ұйымдасып алады, дейді округ әкімі. Бейбарыста жеке тұрғындардың қолында 760 сиыр, 66 жылқы, 180 түйе,578 қой, 671 ешкі бар. Ал ша­руа қожалықтарында сиыр саны 640, жылқы 66, түйе 207, Қой 256, ешкі 111. Бүгінге дейін «Қорған», «Өрік», «Хамзаұлы», «С.Ермағамбетов» ша­руа қожалықтары малдарын Ақсай қырына көшіріп үлгерген. Есбол және Бақсай ауылдарында да малды көшіру жұмыстары басталды.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT