Ашық сұхбат.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен тікелей эфирде полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Лаура Қуанышбаевамен ашық сұхбат жүргізілді.
Сұхбатты жүргізген аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасының бақылау бөлімінің бас маманы Гүлфайрус Төлегенова отбасы құндылықтары туралы әңгімелеп, Лаура Қуанышбайқызын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тілеп, әрі қарай тікелей эфир жүргізіліп, оқырмандарға көкейдегі ұсыныс-пікірлерін қоюға болатынын ескертті.
-Бала тәрбиесі - ортақ міндет. Ең бірінші бала тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Өкінішке орай, қоғамда зорлық-зомбылыққа ұшыраушылар саны күннен-күнге өсуде. Ал біздің міндетіміз осы құқық бұзушылықтың алдын алу. Жалпы бұл мәселемен бұрыннан да жұмыстанып келеміз. Көбінесе ауданда зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленушілер кешірім беріп, татуласу жағдайларында болып жатады. Тұрмыстық жәбір көрген әйелдерге Атырау қаласында дағдарыс орталығы барын еске саламыз. Дағдарыс орталығы 2012 жылдың 1 ақпанынан бастап қызмет көрсетіп келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшаларға 3 айдан 6 айға дейін уақытша баспана беріледі. Онда құқықтың кеңес және алғашқы медициналық көмек те көрсетіледі. Әзірге ауданымыздан дағдарыс орталығына ешкім келген жоқ. Барлық ауданға қарасты мекеме ұжымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Елдегі пандемияға байланысты көп адам жұмыссыз қалды.Осы жұмыссыздық та отбасындағы кикілжіңдерге себеп болуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған азаматтарға 2-11-32, 102 сенім телефондарына хабарласып, көмек алуларыңызға болатынан қаперлейміз,-деді Лаура Қуанышбайқызы.
Сонымен қатар тікелей эфирде оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.
К.САПАРҚЫЗЫ