Туризм саласы қайтсе дамиды?

Еліміздің ең көне тарихи орындарының бірі сана­латын батыс өңіріндегі Сарайшық қаласы кезінде жүзден аса хан билік құрған Қазақ хандығының алғашқы астанасы, әрі орта ғасырда Алтын Орданың ірі сауда және экономикалық орталығы болған. Бүгінгі таңда Сарайшық – туристердің қызығушылығын тудырып отырған айрықша мекен. Жуырда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Музейлердің туризмде алатын орны: мәдени туризмді қалыптастыру» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті.

САРАЙШЫҚТЫ КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ІС-ШАРАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Туристік индустрияны ғаламдану үрдісінің бір қыры десек те болады. Экономикалық тұрғыда туризм қазіргі таңда ақпараттық технологиялармен қатар жылдам дамып келе жатқан та­бысты салалардың бірі болып сана­лады. Сондықтан көптеген елдердің өзінің туристік әлеуетін арттыруға ты­рысуы –заңдылық. Мысалы Египетте «Пирамидалар», Парижде «Эйфель мұнарасы» мен «Лувр музейі», Нью- Йоркте «Азаттық мүсіні», Мәскеуде «Қызыл алаң» мен «Кремль», Санкт- Петербургта «Эрмитаж», Қытайда «Ұлы Қытай қорғаны» және т.б. мәдениет пен тарихқа қатысты сол елдің тұрмыс-салт ерекшеліктеріне байланысты туындайтын сұрақтарды мәдени туризм қарастырады.

Атырау облысында да туризмнің бірнеше бағытын дамытуға мүмкіндік бар. Мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік, медициналық бағыттар бойынша арнайы туристік марш­руттар жасақталған. Дөңгелек үстелде туристік маршрутты жаңарту, Сарайшық қалашығын халықаралық деңгейде танымал ету, ақпараттандыру бағытындағы шара­лар жөнінде ұсыныстар айтылды.

– Сарайшық – басты назарда, сондықтан көшпелі көрмелерді жиі өткізіп, таратпа материалдардың са­нын арттыру керек. Өңір туризмін дамыту мақсатында арнайы орталық ашылып, негізгі қызмет сол мекемеге жүктелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес батыс өңірлерді дамытудың 2024-2027 жылдарға арналған шұғыл іс-шаралар жоспары бекітіліп жатыр. Осыған сәйкес туризм бағытына облыс бойынша ұсыныстар енгізілді. Ол ұсыныста Сарайшық қалашығын кешенді дамыту бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, алдағы уақытта орындалатын болады,- дейді облыстық спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасының бөлім басшысы Ж.Сабырғалиева.

«ҚАСАҢ ҚАҒИДАДАН ҚҰТЫЛУ КЕРЕК»

«Сарайшық» тарихи-мәдени музей- қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар Сарайшық музей-қорығының жұмыс барысын баяндап, мәдени туризм мәселесінің өзектілігіне қарай ортаға ой тастап, пікір айтуға шақырды. Қатынасушылар музейлердің туризмдегі орнын анықтаудағы басты мәселелерді талқылады.

– Музейде қалыптасқан дәстүрлі формат – жәдігерлерді жинау, сақтау, насихаттау. Егер біз осы бағытты ұстанып жүре берсек, бізде өсу, даму болмайды. Креативті иде­яларды жүзеге асырған жөн секілді. Музей қызметкерлері жұмылып, қолымыздан келгенше қызмет қылып жатырмыз. Алайда ойдағы барлық идеяны жүзеге асыру үшін қаражат керек екені белгілі. Биылғы облыстағы төтенше жағдай біраз жо­спарды бұзды. Музей тасқын судан кейін енді ғана қалыпқа келіп жа­тыр. Ескі музейіміз этнографиялық бағытта жұмыс жасауда. «Музейге сый» акциясы аясында тұрғындардан жәдігерлер жинақталды. 3000 шаршы метр көлемінде жүргізілген қазба барысында табылған жәдігерлер де музей қорына қосылды. Десе де дәл сол қазба орнын туристік нысанға айналдырғымыз келеді. «ҚазҚайтажаңғырту» мекемесі өз жұмысын аяқтағаннан кейін туристерді апаратын нысан болып қалады деген сенімдеміз. Шыны ке­рек, бюджеттен бөлінетін қаражатпен алысқа бармаймыз. Қазіргі таңда Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан елдерімен әріптестік қарым- қатынастамыз,-деді музей-қорықтың бас қор сақтаушысы О.Сағынбаева.

«Atyrau Nomads» саяхат клубының мүшесі Абай Нұрғалиев табылған жәдігерлер, музей жұмысы жөнінде қысқа бейнероликтерді «TikTok»,«Instagram» әлеуметтік желісіне жүктеу арқылы, келушілерді қызықтыруға болатындығын айтады.

– Қазір интернет арқылы кез келген адам өзіне қызықты ақпаратты жыл­дам ала алады. Көптеген музейлердің виртуалды сайттары арқылы оларды аралай алады. Әлеуметтік желілерде, түрлі интернет форум­дарда көптеген тақырыптарға байла­нысты ой-пікірлермен бөлісу қазіргі заманның шындығына айналғанына да біршама уақыт болып қалды. Егер қандай да бір жағымен музейлер өз ісімен көрініп жатса, ол осын­дай виртуалдық форумдарда тиісті пікірлерімен бөлісіп, бағасын береді. Музейдің экономикалық тұрғыдан тиімді қызмет етуі келушілердің са­нына байланысты,- дейді саяхатшы.

ЖАСТАРДЫ ШЕТЕЛГЕ ОҚЫТУҒА КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ...

Музей-қорықтың директоры Ә.Мұқтар өңірге ғалымдарды тарту, жастарды шетелге оқыту жөнінде келелі ойын айтты.

– Атырау туризмін насихат­тайтын ақпарат ұшақтарда орна­ластырса, туристерді тарту үшін облыстағы табиғаты ерекше, та­рихи жәдігерлерге бай жерлер ту­ралы бейнероликтер көрсетсе, жақсы болар еді. Тағы бір мәселе, ол – музей мамандарының білімін жетілдіру. Атыраудың болашағынан зор үміт күттіретін жастарын ше­телге жіберіп, оқыту керек. Туризмді дамытуға ниетті кәсіпкерлер некен- саяқ. Сенбі, демалыс күндері түйе, жылқысын, шұбаты мен қымызын әкелсе, жергілікті тұрғындарға да, демалушыларға да керемет болар еді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» демекші, барлық мек­тепте музей ашып, жаңғырту керек. «Елу жылда – ел жаңа» деген бар. Сондықтан, келешек ұрпақ үшін бұл істі қолға алған абзал,- дейді музей- қорық директоры Әбілсейіт Мұқтар.

Әр музей жанында музейлік марке­тинг бөлімі ашылып, музейлік қызмет көрсетуді, онда болып жатқан ша­раларды халыққа, инвесторларға та­нытатын арнайы бөлімнің жұмыс жасауы – қазіргі заман талабы. Келушілерді музейге тарту тек қана арнайы мамандардың ғана емес, бүкіл музей қызметкерінің кәсібилігіне байланысты. Сондықтан музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып отыратын, музей ісі саласындағы соңғы тенденциялар мен өзгерістерден хабары болып, оны практикалық жағдайда қолдана білуі үшін мастер кластар мен семинарлар өткізетін бір орталықтың болуы да музейлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT