Өнімнің аздығы бағаға әсерін тигізуде

Аптаның әр жұмасында «Нарын» коммуналдық базарының ауласын­да өтетін жәрмеңкеде халықтың қарасы көп болады. Таңғы сағат 7-ден қалмай жиналатын кәсіпкерлер кейде тіпті көршілес Батыс Қазақстан облысынан да келіп жатады.

Бастысы, қай өнімге де халықтан сұраныс жоғары. Биылғы су тасқыны салдарынан Махамбет ауданындағы біраз егістік алқаптары суға кетіп, шаруагерлер шаш-етектен шығынға батты. Соған қарамастан жергілікті өнімді халыққа тиімді бағада ұсыну үшін жәрмеңкеге арнайы келетін бес-алты кәсіпкер бар. «Саташева», «Гумарова», «Отбасы» , «Дастан», «Рамазан» шаруа қожалықтары бау- бақша мен көкөніс өнімдерін тұрақты түрде тасымалдап отыр. Әсіресе, «Дастан» ұсынған қолайлы бағадағы өнімдерді алуға тұрғындар кезекке тұруға дайын.

Апта сайын кемі 10 тонна өнім әкелеміз. Картопты -180, пияз пен қызылшаны 100 теңгеден сатып отырмыз. Биыл өнім аз болғанына қарамастан халыққа қолжетімді бағаны ұсынғымыз келеді,-дейді «Дастан» шаруа қожалығының қызметкері Айдос Байниязов.

Күздік жиын-терім бастал­маса да көкөністің бәсі әлдеқайда жоғары. Қызанақ пен қиярдың өзі 300-350 теңгеден кем түспей тұр. Ал, жергілікті қарбыз-қауынды тұрғындар бағасына да қарамастан іздеп жүріп, сатып алуда. Биылғы көктемгі су тасқыны салдарынан бір ғана Махамбет ауданы бойынша 87 шаруа қожалығы өнім ала ал­мады. Осы ретте жергілікті тауар өндірушілерге арналған жәрмеңке ғана тұрғындарға тиімді бағамен өнім ұсынып отыр. Бірақ, былтырғымен салыстырғанда өнімнің аз болуы, сәйкесінше бағаға да әсер етеді дейді жауапты мамандар.

А.ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT