«TOMIRIS» көшбасшы әйелдерді қолдайды

Соңғы жылдары әйел адамдардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып әрі көшбасшылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін түрлі оқу бағдарламалары қолға алынып жатыр. Соның бірі 2022 жылдан бастап «AMANAT» партиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, сондай- ақ Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асып жатқан «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасын атап өтуге болады.

Жобаның мақсаты - саясаттағы әйелдер көшбасшылығын ілгерілету, гендерлік саясатты қалыптастыру, әйелдердің экономика мен инно­вацияларды дамытудағы рөлі, партия активінен құралған қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы көшбасшы әйелдерді оқыту.

Жобаға 18 және 60 жас аралығындағы қыздар мен әйелдер қатыса алады. Биылғы жылы Атырау қаласындағы көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасына қатысуға 60 адамнан өтініш түсіп, оның ішінде 50 адам ғана іріктеуден өткен. Іріктеу кезеңінде білімінің болуы, қоғамдық пікір көшбасшыларына, ісін жаңа бастаған әйел кәсіпкерлерге, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне басымдық берілді. Сондай ақ, тиісті салада кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі бар, өңірдің қоғамдық өміріне қатысып жүрген, әйелдер мен қыздар іріктеуге жіберіледі.

Әйелдерді іріктеу екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткер түйіндемесімен қоса өзінің «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасына қатысуға лайықты екендігін көрсететін, елдің қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі жайлы жазылған мотивациялық хат жолдауы тиіс. Екінші кезеңде, үміткерлермен онлайн форматта әңгімелесу іріктеу комиссиясы мүшелерінің қалауы бойынша өткізіледі.

13 -17 тамыз аралығында Атырау қаласында өткен республикалық «Tomiris»ақпараттық-білім беру бағдарламасына әр саладан іріктеуден өткен 50 көшбасшысы әйел қатысып, бес күн бойы білім алып, қабілетін шыңдады.

Бағдарламаның алғашқы күні « Әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту» және «Soft-skills икемді дағдыларын қалыптастыру» тақырыптарында «Әйел және Әлем» клубының жетекшісі Бұлбұл Муси­ралина дәріс өткізді.

Екінші күнінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту басқармасының басшысы, саяси бағыттағы тренер Жа­нар Буканованың «Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық реформалары» атты тренингімен жалғасын тапты. «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Исмагулованың әйелдерге дайындаған семинары «Жобалық тәсіл және менед­жмент негіздері» тақырыбы ая­сында өрбіді. Нәзік жандылардың қаржылық сауаттылығын артты­руды көздеген төртінші күннің «Қаржылық сауаттылық және тайм менеджмент негіздері» атты дәрісін қаржылық сауаттылық бойынша тренер, Республикалық Ұлы Дала бизнес-трнерлер қауымдастығының бизнес-тренері, Ақан Қайырғалиев ұсынды. Және соңғы күні әйелдер қауымы үшін «Тиімді іскерлік коммуникация дағдылары» және «Келіссөздер жүргізу және көпшілік алдында сөйлеу өнері» тақырыптарында телерадиожүргізуші, шебер сөйлеу техникасы және шешендік өнер бойынша тренер Сәнді Сұлтан дәріс өткізді.

Атырау қаласының көшбасшы әйелдерінің ба­сын қосқан бес күндік білім беру бағдарламасына ауданымыздан қатысқан жандардан пікір алған болатынбыз.

- Атырау облысының белсенді, табысты 50 аруын қамтыған бұл бағдарламаға Махамбет ауданынан да өтінімдер берілген болатын. Өз кәсіби салаларында көптеген жетістіктерге жетіп жүрген белсенді мамандарымыз, аудандық “Өнерпаз” мәдениет үйінің режиссері Элеонора Табылдықызы, жеке кәсіпкер Амангүл Берікқызы және өзім қатынасып, өз біліктіліктерімізді, көшбасшылық қабілеттерімізді жетілдіріп, нәтижесінде облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысы Г.Ж.Сүйеуованың және “Инфо Орталығы” ҚБ төрағасы З.Құралбайдың серти­фикатына ие болып қайттық. Осы бес күндік се­минардан алған ақпараттарымыз, тәжірибеміз көп болды. Онымен қоса, көптеген белсенді, алғыр, өз істерінің мықты мамандарымен таныстық. Бағдарлама қатысушыларына семи­нар-тренинг өткізген әр спикер білім-білігімен бөлісіп, практикалық жаттығулар орындатып, бес күнде терең білім игеріп, тың ақпараттармен танысып, мол тәжірибе алуымызға мүмкіндік берді.

Ауданның қыз-келіншектерін биіктерге көтеруде, гендерлік саясатты жүзеге асы­руда “ТOMIRIS” ақпараттық-білім беру бағдарламасынан алған білімдеріміздің сөзсіз іске асатынына кәміл сенімдімін, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы хатшысы Гүлнәр Бекбаева.

Бағдарлама қатысушыларының бірі «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Элеонора Файзулла­ева да өз әсерімен бөлісті.

- Атыраулық қыз-келіншектерге арналған “TOMIRIS” ақпараттық-білім беру бағдарламасына қатысып, жаңа инсайттар алып, тың ақпараттар игеріп, керемет әсермен оралдым. Бес күнге созылған бағдарлама барысында өткен семинар- тренингтердің тізгінін мықты спикерлер, тренер­лер ұстады. Іс-шарада әр салада қызмет ететін, жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектермен әртүрлі топтық ойындар ұйымдастырылып, қызықты пікірталастар жүргізілді.

Өзіме “Сенімен Болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жансая Бердімұрат өткізген “Жобалық тәсіл және ме­неджмент негіздері” тақырыбында өткізген се­минар-тренинг қатты ұнады. “TOMIRIS” маған жаңа орта, жаңа таныстықтар, жаңа достар сыйлады,-дейді ол.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT