Жеке тұлғаға қатысты 12, кәсіпкерлік нысанға қатысты 5 іс-қағаз сотқа жолданған.
Махамбет ауданы бойынша карантиндік талаптардың сақталуын бақылауға арналған 14 мобильді топ бар. Аудан әкімдігі аппараты, ауылдық округ әкімдері, учаскелік полицейлерден құралған топ кәсіпкерлік нысандарды, азық-түлік дүкендерінің жұмысын, түнгі 23:00-ден кейінгі қозғалысты бақылап, облыстың Бас санитарлық дәрігерінің №57 Қаулысына сәйкес жұмыстар атқарады. Осы орайда карантиндік шектеулердің орындалысын және тұрғындардың тәртіпке бағынуын қадағалау мақсатында мобильді топпен бірге түнгі рейдке шықтық.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Қалиев, ұйымдастыру, жұмылдыру және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Н.Бердіғалиев, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі А.Жуасов және учаскелік полиция инспекторы Д.Расулиевпен бірлескен тексеру жұмыстары барысында тұрғындардың әлі де тәртіпке бағынбайтынын, тіпті бетперде кию дегенді санасына да алмайтындар кездесті. Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, алаңқайларда балалардың ойнап жүру көріністері негізінен Шұғыла мөлтек ауданының 60 пәтерлік аумағында жиі орын алатын көрінеді.
- Біздер түнгі бақылауды күнделікті жүргізіп отырамыз. Соған қарамастан ескертулерге құлақ аспайтындар бары рас. Әсіресе, 60 үйліктің маңында адам шоғыры көп. Полиция көлігінің мигалкасын естіген ойын балалары үйлеріне қарай жүгіре жөнеледі. Алдыңғы аптада осы жерде кішкентай балақай үлкендерге ілесе алмай, бізді көрген бойда жылап қоя берді. Ол баланы жұбатам деп тырысқанда, анасы келіп біздің бетімізден алды. Бірақ артынша ол кісіге де сабырлық сақтап, балаларды түнгі 23:00-ден кейін шығармау бойынша түсінік жұмыстарын жүргіздік,- дейді Д.Расулиев.
Дәл осындай жағдай күнде қайталанатынға ұқсайды, бұған бүгінгі рейд кезінде де куә болдық. Полиция машинасын көрген бойда зыта жөнелген балақайлардың әрекеті бір жағынан езуге күлкі үйілдірсе, екінші жағынан олардың түнде жүруге болмайтындығын біле тұра ойнауға жіберген ата-аналардың әрекетін түсінбей дал болдық. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес ойын алаңдарына, саябақтарға жиналуға тыйым салынғандықтан, аудан орталығындағы аталған нысандарға құлып салынып, үнемі тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Иә, күннің ыстығында далаға шығу мүмкін емес, кеш болса ойын баласына төрт бұрышта қамалып үйде отырған да жараспайды. Бірақ тәртіпке бағыну керек.
Көп пәтерліктің аумағынан шығып, орталық көшедегі автокөлік қозғалысын бақылап көрдік. Ағылған көліктердің санынан шатасуға болатындай. Карантиндік шектеулерді елемеген көліктер бірінен кейін бір тоқтатылып, жүргізушілерге ескерту айтылды. Бірі ем алып келе жатқанын айтып ақталса, бірі тіпті мұндай тәртіптің бар екендігінен де бейхабар болып шықты.
Ал тәртіпті не үшін бұзғандығын айта алмаған, бетперде тақпай көлік басқарған бір жүргізушіден түсініктеме алынды. Бұл түсініктеме тиісті шаралар қолдану үшін аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданады.
Бүгінгі күні басқармаға келіп түскен іс-қағаздардың 17-сі сотқа жолданған, оның ішінде 12-сі жеке тұлғаға, 5-еуі кәсіпкерлік нысанға қатысты. Соттың қарауына берілген бір түсініктемеге байланысты, сот отырысы өтіп, карантин тәртібін бұзған жеке тұлғаға 41 670 теңге айыппұл салынды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі