Ол қаржыға ауданық емхана мен ауылдық округтердегі амбулаторлық кабинеттерге қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынған.
Ауданымыздың белсенділері, жас отбасы Бұлан мен Айдананың бастамасымен әлеуметтік желіде қайырымдылық қоры құрылғанын газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз.
«Аппараттар алынып, аманаттап жеткізген соң қордың жұмысын тоқтатамыз» деген Бұлан мен Айданаға сенім артқан жандар күннен-күнге артуда. Солардың бірі – Дәурен Мұратбекұлы есімді ауыл азаматы аталмыш қорға 1 млн теңге ақша аударды. Өзін ешқандай кәсіпкер де, меценат та санамайтын жас жігіт, бұл ісін: «қиын-қыстау күнде махамбеттіктерге, туған ауылыма көрсеткен көмегім» деп бағалайды. Қорға жиналған 1 млн-нан астам қаржыға аудандық емхана мен ауылдық округтердегі амбулаторлық кабинеттерге мынадай қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынған.
Оған қоса аталған қаражаттың есебінен 10 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлік пен дәрі-дәрмек себеті таратылды.
«Әлі де ауыл тұрғындарына, дәрігерлерге көмек қолын созам деген кәсіпкерлер мен азаматтардан біз қолдау күтеміз»,- дейді белсенді жас Бұлан Нұрғалиев.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ дегендей жастардың жұмысын желі арқылы көріп, осындай қысылтаяң уақытта теңізге қосқан тамшыдай үлесіміз болсын деп Еңбекшіл ауылының тұрғындары да қорға қомақты қаржы аударыпты.
«Аядай ғана ауыл адамдарының жұдырықтай жұмылып, жомарт жүректерімен ұсынған қаражаты қайырымдылық жұмыстарына жұмсалып жатыр. Бізге сенім артып тапсырған әрбір тиынның есебін әлеуметтік желіде беріп отырамыз»,- дейді Айдана Сүлейменова.
А.САТАЕВА