Туған жердің тарихын ән-күйімен танытты

Аудан орталығында  батыр баба Махамбеттің 220 жылдығына орай, туған жердің тарихын ән мен күй арқылы танытып, ақынның мол мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жайықтың бойы көк шалғын» өнер фестивалін Алға ауылдық округі жалғастырды. 

Алдымен көпшілік назарына  Алға халық театрының «Махамбеттің ұрпақпен кездесуі» қойылымы ұсынылды.   Қойылым  фольклорлық ансамбль орындауындағы  Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйінен бастау алды.

Фестивальді  Алға ауылдық округінің әкімі Расул Мусин ашып, алғалық өнерпаздармен қатар  мәдениет үйі жанынан құрылған «Әлқисса» балалар домбырашылар ансамблін де таныстырды. Бағдарлама сазгер  Т.Есенғалиевтің «Махамбет-атамекен, топырағым»  әнімен басталды.  Ұзақбаевтар отбасылық ансамблі халық әні  «Дүние-ай» әнін нақышына келтіре шырқаса, Саяжан Құлахметова мен Ұлбала Алашбаева халық әні «Әгугай домбыра» әнін орындауымен ерекше  көзге түсті.  Күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйін «Әлқисса» балалар домбырашылар ансамблі күмбірлетті дерсің.  «Әлқисса» домбырашылар ансамблінің жетекшісі  Алмагүл Ермекова мен Жұлдыз Құрманғалиеваның күй тартысы да жиналғандар көңілінен шықты.  Ал  «Еркем-ай» балалар би тобы «Венский вальспен» тамсантты.  Ақиық ақын  Мұқағали Мақатаевтың «Дариға –ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» өлеңін  Ерлан Баймұханов мәнерлеп оқыды.  Құрманғазының «Адай» күйін Жаннұр Қуаныш, Іңкар Бақтияр күмбірле шертіп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. 

Сазгер Қ.Ихсановтың «Махамбет-құтты мекен» әнін қыздар ансамблі әуелетсе, Сырымжан Тілегеннің  халық әні «Екі жиренді»  шырқағанын айтсаңшы.  «Көркем қыз» би тобы «Қазақ» биін мың бұрала билесе, трио Жұлдыз Құрманғалиева,  Нәсіп, Назгүл Әбішевалар  «Келші, айым», «Сарыжайлау» әндерімен көрінді.  Сазгер  Ж.Артықбаевтың «Алтын бесік» әнін Дильназ Жұмашеваның орындауында тыңдадық.   Хор Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін  жеке дауыста Сырымжан Тілеген шырқауымен  фестиваль да мәресіне жетті. 

Өнер фестивалін Берік Әбілдай қорытындылап, алғалық өнерпаздары бар өнерін салғанын, әсіресе, «Әлқисса» домбырашылары көпті тәнті еткенін де атап өтті.  Фестиваль аясында ұйымдастырылған кітап, қолөнер көрмелеріне келіп, әсіресе, алғалық кәсіпкер  Ж.Аманғалиеваның тоқылған  аяқ киімдеріне қызығушылық танытып,  сатып алғандар қарасы көп болды.

А.Қуанышқалиева

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT