Көпбалалы ананың көпшілік білмейтін өнері

Халқымыздың қолөнері – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады.

 Бүгінде қолөнердің түрі де, техникасы да көп. Заманның дамуына сай қазір көп дүниені арнайы құрылғының көмегімен жасап та шығаруға болады. Ата-әжелеріміз секілді сағаттап көз майын тауысып, барлығын қолмен ойып түсіретіндер кемде кем. Иә, мүмкіндік болса жаңа технологияның көмегіне жүгінгеннің айыбы жоқ. Бәрібір кез келген қолөнер бұйымында шебердің өзіндік қолтаңбасы, қиялы, еңбегі көрініп тұрады. Бірі мұнымен хобби ретінде айналысса, енді бір шеберлер кәдімгі кәсіп түріне айналдырып, нәпақасын тауып, жеке брендтік өнімін қалыптастырып отыр. Әлеуметтік желі арқылы шеберлік сағаттарын сатып жүргендер қаншама. Бәрі де адал еңбек, маңдай тер.

Алайда, шебер болу кез келгеннің қолына берілмеген қасиет. Ептілік пен дөптілікті, шыдамды қажет ететін өнерде дарынсыз, қабілетсіз түк шықпайды. Әсіресе, үй тіршілігі мен бала-шағаны жайғастырып қойып, осы  ісіне уақыт табатын әйел адамдарға оңай емес.

Қазақтың тұрмыс-салтында бұрыннан солай еді.  Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген әйел өзі-ақ реттей беретін. Ер азаматтар болса қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршілікке ыңғайлап алатын. Бұрын әрбір үйде бір тігін мәшинесі мен жүн түтіп, киіз басып отыратын әжелер болушы еді. Солардан көрген түйгенімен қаншама қыз-келіншектің қолөнерге деген құлшынысы ашылды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, он саусағынан өнері тамған әріптесіміз Райса Макарованың да қолөнерге қызығушылығы мектеп кезінен басталған.

-Ең алғаш еңбек сабағында Мәдина апайдан ілмекпен шұлық тоқып үйрендім. Үйде де үлкен әжем жүн түтіп, ұршық иіртіп, биалай, шұлық, қолғап тоқуды көрсетті. Кейіннен Маңғыстау өңірінен келетін әдемі құрақ көрпелерге көзім түсіп жүрді. Қолөнерге қызығушылығым артқаны сол, бір күні құрақтың шеберлік сабағын сатып алып оны да меңгеріп алдым. Бірақ шығармашылық өнер болған соң бір  орында тұра алмайды екенсің. Үнемі бір жаңа дүниені жасап көргің келеді.  Құрақ көрпе, жастық, тойбастар тігіп жүріп, әдемі кешкі көйлектермен, қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерімен ұстайтын сөмкелер жасауды үйрендім. Қазір сәнге айналып жатқан осы қол сөмкелерім жақсы сұранысқа ие,-дейді қолөнерші әріптесіміз.

Райса тек қолөнерге ғана емес, барлық жағынан да епті, жан-жақты адам. Негізгі мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін де атқарған. Көпбалалы ана бүгінде «Жайық шұғыласы» газетінің әлеуметтік желісіне жауапты маман болып отыр. Үйдің де түздің де жұмысына үлгере жүріп, әдемі бұйымдар жасауға да уақыт табатын оның шеберлігіне таңданып отырамыз. «Ерінбейтін адам, ебін табады» демекші осы қосымша кәсібінің өзімен айға 20 мыңнан жоғары ақшы тауып отырған Райса мұнымен тоқтамаймын дейді. Қазірдің өзінде сәукеле, кәжекей, түрлі моншақтармен безендірілген қыз ұзатуға киілетін ұлттық киімдер тігуді үйреніп жүр.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT