Махамбет ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тарихи жерлерге сапар» атты экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия Ақтау қаласының тарихи жерлерінен басталды. Мақсат – аудан көлемінде өтетін түрлі шараларда белсенділік танытып жүрген бір топ жастың бос уақыттарын тиімді пайдалану.
362 әулие мекені саналатын киелі өлке Маңғыстауға саяхатымыз мен үшін естен кетпестей естелік болды. Арнайы ұйымдастырылған тур арқылы Маңғыстаудың әр түрлі тарихи әрі көрікті жерлеріне саяхаттадық. Атап айтсақ, естен кетпейтіндей көз тартар Ақтау қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Бозжыра шатқалында болдық. Бұл сұлу мекен ғалымдардың айтуы бойынша миллиондаған жылдарға дейін тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болыпты. Соның ішінде Бозжыра шатқалы 10 миллион жыл бұрын ежелгі Тетис мұхитының тартылуынан пайда болған.
Сол аймақтарда әлі күнге дейін тас өрімділерінен сақталған, бұрынғы ата бабамыз шаруашылыққа, аңшылыққа пайдаланған жерлерін көрдік. Бұл саяхат бізге эмоцияға толы көңіл күй, ерекше атмосфера, еліктірер пейзаждар, көз баурайтын мәдени құнды, тарихи жерлерді дәріптеп, сұлулығымен тәнті етті. Сонымен қатар Бекет Ата, Қызыл күп секілді киелі жерлердің де тарихымен таныстық. Жерімізді, елімізді дәріптеуде осындай жобалар жалғасын табады деген ойдамын.
А.НАУРЫЗОВА,
белсенді жас