Махамбет ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы Мемлекеттік кірістер комитетінің БКМ фискалдық чегін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Қоғамдық бақылау –түбіртекті талап ет» акциясы мамыр айынан басталғанын хабарлады.
Аталған акцияға кез келген үміткер қатыса алады. Барлық жолданған өтініштер мемлекеттік кірістер органдарында қаралады.
App Store немесе Play market-тен «Wipon» мобилді қосымшасын тегін жүктеп алып, фискалды чекті бермеу фактілері туралы хабарлауға болады. Фискалды чекті бермеу фактісі расталған жағдайда телефонның теңгеріміне (1000 теңге) сыйақы беріледі.
Махамбет ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ә.Қонысовтың айтуынша, өткен жылы ұйымдастырылған акция кезінде азаматтардың хабарлауы бойынша 940 дерек расталып, оларға 940 мың теңге сомасында сыйақы төленген.
Акция аясында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе, ауданымыздың халық көп шоғырланатын азық-түлік дүкендерін аралап түсінік жұмыстарын жүргізді.
Аудан азаматтарын өздерінің азаматтық ұстанымын, заң бұзушылыққа төзбеушілігін білдіруге және «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» акциясына белсенді түрде қатысуға шакырамыз.
Өз тілшіміз
Сурет:дереккөз