Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуда заманауи цифрлық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллект пен спутниктік мониторингтің маңызын ерекше атап өтті. Бұл – аграрлық саланың тиімділігін арттырып, өнімділікті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған нақты қадам.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы үшін бұл тапсырманың мәні өте зор. Себебі егін алқаптарының жағдайын дәл әрі жедел анықтау, жердің құнарын бағалау, әр дақылдың шығымдылығын болжау – еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты. Қазіргі таңда ауа райы құбылмалы, су тапшылығы туындаған кезеңде әр гектар жерді тиімді игеру – уақыт талабы. Осы орайда жасанды интеллектке негізделген талдаулар, спутниктік бақылау және цифрлық карталар бізге нақты деректерге сүйеніп шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ауданымыз бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуге дайын. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алқаптарды цифрландыру, топырақ картографиясын жасау, егістікті қашықтан бақылау сияқты әдістерді қолдана бастады. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды кеңейтіп, аграрлық салаға инновациялық технологияларды терең енгізу – басты міндеттердің бірі болмақ. Бұл тек шығынды азайтып, өнімді арттыруға емес, еңбек ресурстарының тиімді жұмсалуына және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашады.
Президент тапсырмасымен белгіленген жасанды интеллектті қолдану және спутниктік мониторинг жүйесін күшейту — ауданымыздың аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған үлкен мүмкіндік.
Д.Сәдуақас


