«ӨНЕРПАЗ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ НҰРТАС ЖАРЫЛҒАСЫНҰЛЫ БАЙ-ЖАНОВ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ. ЖИЫНҒА АУДАН ӘКІМІ ҚАЙРАТ НҰРЛЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ҚАДЫРБЕК ТІЛЕГЕНҰЛЫ, АУЫЛ ӘКІМДЕРІ МЕН МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАТЫСТЫ.
ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ
Алдымен сөз алған аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы кездесуге арнайы келген қонақты көпшілікке таныстырып өтті. Ол:
– «Ауыл» – ел мүддесін қорғайтын, ауыл мәселесін алдыңғы қатарға шығарып жүрген іргелі партия. Бүгінде партияның Парламентте 8 депутаты, облыс пен аудан мәслихаттарында 200-ден астам өкілі бар. Махамбет ауданында да партияның өкілдігі құрылып, жергілікті мәселелерді шешуге үлес қосып келеді,- деді.
Аудан басшысы өз сөзінде өңірде жүзеге асқан ірі жобаларға тоқталды. Атап айтқанда ауданда 13 жол құрылысы жобасы іске асуда, оның басым бөлігі биыл аяқталады. 90 шақырымнан астам тас жол төселген. Су қондырғылары толық жөндеуден өтіп, тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Білім және мәдениет нысандары – Д.Төленов мектебі, интернат, З.Ещанова атындағы өнер мектебі жаңа ғимараттарға көшті. Егін мен бау-бақша өнімдерінің 60–65 пайызын аудан өндіреді, алайда жайылым мәселесі әлі де өзекті.
– Атырау – шөлейт аймақ. Сол себепті су ресурстарын тиімді пайдалану, жаңбырлатып суару технологиясын дамыту – басты міндет. Шөлге төзімді шөптер егу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, агросекторды цифрлан¬дыру өңірдің дамуына серпін береді. Ауданымызда үш инвестжоба, атап айтқанда құс етін өндіру, 5,5 га жылыжай, балық өсіру жобасы жүзеге асырылады,- деді аудан басшысы.
Кездесуде сөз алған Нұртас Байжанов ауыл шаруашылығы саласындағы елдік мәселелер, партияның жоспарлары мен облыстағы бастамалар жайлы кеңінен баяндады. Сонымен қатар «Ауыл» партиясының облыста атқарылып жатқан жұмыстары, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, жергілікті мәселелерді қолдау, агросекторға жаңа технологияларды енгізу, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалар туралы ақпараттармен хабардар етті.
– Ауыл шаруашылығы – атакәсібіміз. Бұл салаға маман керек. Жастарды аграрлық білім алуға ынталандыру қажет. Қазір мемлекет та¬рапынан гранттар, жеңілдетілген несиелер, кооперация құруға арналған қолдау шаралары мол. Осы мүмкіндікті ауыл тұрғындары тиімді пайдалануы тиіс,- деді Н.Байжанов.
Төраға елордада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің ІІ форумында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы да хабардар етті. Парламентте мақұлданған 5 жаңа заң жобасы, аграрлық салаға қатысты 100-ден астам депутаттық сауал, жастардың кадрлық резервін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
МАЛ БАҒАТЫН АДАМ ТАПШЫ
Кездесуде ауыл тұрғыны Райхан Қабдыкәрімова сөз алып, ауыл жастарының еңбекке бейімділігі, агроном мен мал мамандарының жетіспеушілігі, жердің тозуы сияқты мәселелерді көтерді. Филиал төрағасы Нұртас Жарылғасынұлы ауыл жастарын еңбекке баулу мәселесіне тоқталып, мектеп¬терде еңбек және әдеп сабақтарын қайта енгізу туралы ұсынысты Парламентке жолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ 18–22 жас аралығындағы 40 жас маманның ауыл шаруашылығы саласы¬на жұмысқа орналасқанын айтып, атакәсіпті дамытудың маңызын атап өтті.
Аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы мал шаруашылығындағы күрделі жағдайды да жасырмады. Оның айтуынша, мал бағатын адамдар табылмай, кей шаруашылықтар бұл жұмысты вахталық әдіске ауыстыруға мәжбүр болуда.
– 200–250 мың теңге жалақыға мал бағуға шығатындар аз. Тіпті республикалық тас жол бойында мал жиі қағылып жатқанымен, оны бағатын бақташы табу қиын. Қажет болса, ат та, мотоцикл де алып беруге болады. 200 сиыр баққан адам 500 мың теңге айлық алады. Қой да кезекпен бағылады. Бірақ жұмысқа шыққысы келетіндер сирек,- деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, биыл шөп дайындау бригадаларын құру тапсырылғанымен, небәрі төрт бригада ғана шыққан, ал ауданның шөбін Оралдан тасуға тура келіп отыр. Әкім жастардың еңбекке бейімделуіне кедергі болып отырған жалқаулық пен телефонға тәуелділік мәселесін де атап өтті. Ветеринар, агроном, зоотехник сияқты негізгі ауылшаруашылық мамандары қатты тапшы.
– Бұл мамандықтарды игеру – ауылдың болашағы. Шетелде фермер – ең бағалы кәсіп иесі. Біздің өңірде де егін егіп, бау-бақша өсіріп, мол өнім алып жатқан шаруалар бар. Тек еңбек ету керек, – деді Қ.Есқабылұлы.
Облыстағы агроколледжде трактор жүргізуден бастап, түрлі ауылшаруашылық техникасына оқыту бар екені, биыл «Жұмысшылар жылы» аясында колледждерге грант пен квоталардың көбейгені де айтылды. Аудан басшысы жастарды аграрлық мамандықтарды игеруге және кәсібін ашуға шақырды. Кооператив құрудың тиімділігін мысал етіп Батыс Қазақстан облысындағы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауыл кооперативін мысалға келтірді. Бұл кооперативте 300-ге жуық сиыр бір балансқа тіркелген, асыл тұқымды бұқа алынып, әр бас малға субсидия төленуде. Кооператив шөппен қамтамасыз етеді, су тазарту қондырғысын ұстап тұр, тіпті ауылға клуб ғимаратын өз қаражатына салып берген.
– Мұндай тәжірибе бізге де қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне – ет, сүт, қаймақ, са¬рымай, сүзбеге сұраныс жоғары. Табиғи өнімге ештеңе жетпейді. Соңғы жылдары «Дастан» шаруа қожалығының жетістігі – соның дәлелі. Өнімдері аудан ғана емес, облыс орталығында да сұранысқа ие, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар егін егілетін жердің тозуы, оны ауыстырып отырудың қажеттілігі де сөз болды. 2026 жылдан бастап мал шаруашылығына несие беруге басымдық берілетіні мәлімделді. Ашық форматта өткен жүздесу жергілікті халықтың көкейкесті мәселелерін айтуына мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты нақты ұсыныстардың саралануына жол ашты. Жиын соңында бір топ шаруагер – Нығмет Расулиев, Қоныс Ерманов және Берік Күзембай «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды. Айгүл Мендешева мен Айдана Бақтығалиқызы Алғыс хатқа ие болды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА


