Цифрлық сауаттылық: баланың саналы болуына кім жауапты?

АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН БЕЙБАРЫС АУЫЛЫНДА “ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ: МЕКТЕП, АТА-АНА, ҚОҒАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ” АТТЫ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ. ФОРУМҒА ӘРТҮРЛІ САЛАДАН 6 СПИКЕР ҚАТЫСЫП, ӨЗ ОЙЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ.

Аудандық форумды алғы сөзімен ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударды.

- ХІХ ғасыр - жаңа технологияның дамыған заманы. Біз тәрбиелеп отырған балаларымыздың ерекшелігі – олар ғылыми тілмен айтқанда «зета» және «альфа» ұрпақтары. «Зета» ұрпақтары деп 2003-2010 жыл аралығында дүниеге келген бала­ларды айтамыз. «Альфа» ұрпақтары 2010 жылдан кейін дүниеге кел­гендер болып есептеледі. Қазіргі балалардың ерекшелігі олардың цифрлық заманда өмірге келгендігі, яғни интернет көп пайдаланатын ұрпақтар. Өзімізбен салыстырғанда жаңа ақпаратты қабылдау деңгейіміз де әртүрлі. Жаңа заман ұрпақтары бір уақытта бірнеше ақпаратты меңгере алады. Цифрлық дәуірде жол сілтеу тек қана ата – ана, мектеп алаңдайтын емес, тұтас қоғам атса­лысатын мәселе, - деді ол.

Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция ин­спекторы, полиция майоры Нұрқуат Ураков жасөспірім балалардың қауіпсіздігі төңірегінде әңгімеледі. Полиция майоры өткен жылмен салыстырғанда ауданымызда әкімшілік құқық бұзушылықтың өскенін, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан биыл 2 қылмыс тіркелгенін мәлімдеді.

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбы аясында сөз кезегі Махам­бет ауданының прокуроры, 2-ші сы­ныпты заңгер Аманжан Әділжановқа берілді.

- Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – құқық қорғау орган­дары үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі. Себебі жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілікке тартылуы – болашақтағы тұлғалық дамуына, қоғамға бейімделуіне тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Сондықтан бұл салада профилактикалық жұмысты күшейту, ата-ана мен мек­теп арасындағы өзара әрекеттестікті арттыру, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын жүйелі түрде қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі болып табыла­ды, - деді ол өз сөзінде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде шамамен 14-16 млн. жасөспірім өмірге сәби әкеледі екен. Бұл жөнінде Бейбарыс дәрігерлік емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрсұлу Жалғасбаева ай­тып берді.

- 13-18 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың жүктілік жағдайы физиологиялық, психоло- гиялық және әлеуметтік тұрғыда күрделі салдарға әкеледі. Ерте жүктілік – ананың да, баланың да денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін медициналық құбылыс. Атырау облысы бойынша 2020-2024 жыл аралығында 15-17 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың 794 жүктілік жағдайы тіркелген. Бұл – қоғам үшін үлкен дерт. Қоғам, ата-ана, жауапты сала мамандары бірлесе отырып шешетін күрмеуі қиын мәселе, - деді.

Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық тақырыбы да өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда аудандық емхананың нарколог дәрігері Болат Көшмағамбетов те өз ойымен бөлісті.

- Есірткі – адамның миын улайтын, ақылға сыймайтын қылмыстарға жетелейтін улы зат. Жастар ара­сында есірткіге еліктеу көбіне ақпараттың жетіспеуі мен жалған түсініктердің таралуынан туындай­ды. Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты. Қиындық туған жағдайда сенімді адаммен немесе маманмен кеңесу, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу – есірткіден сақтанудың ең тиімді жолдары. Нашақорлық – ауру. Ол уақытылы көмек көрсетілмесе, адам өмірін түбегейлі өзгертіп, өзіне де, жақындарына да ауыр қайғы әкелуі мүмкін. Сондықтан әрқашан бала­лармен ашық диалог құрып, олардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасап, әрдайым бақылауда ұстау – біздің басты міндетіміз, - деп ата-аналарды бала тәрбиесіне бей- жай қарамауға шақырды.

Ал аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Ақжол Қонысбаев әрқашан жастарды сана­лы, сауатты, білімді болуға шақырды.

- Жасөспірім шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта жеке тұлға ретінде өзін тануы, қоғамдағы орнын анықтауға, өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға бейімделуі шарт. Ру­хани бай болуға ұмтылатын шақ деп білемін. Ал рухани бай адам қоғамда өз орнын тауып, жетістіктерге жете- ді. Рухани байлық адамгершілікке, тәрбиелі, саналы болуға жетелейді. Ал тәрбие тал бесіктен басталады. Бұл жерде ата-ананың ықпалы өте зор. Қазіргі қоғамда дін мен салтымызды бұрмалап, теріс бағытта жастардың санасын улайтындар жетіп арты­лады. Өскелең ұрпаққа айтарым, сауатты, саналы, білімді болсаңдар ғана қоғамнан өз орныңды табасың. Сондықтан тура жолдан адаспай, түзу жолмен жүрейік, - деді ол.

Форум соңы аудандық білім бөлімі атынан осы бағытта қоғамға, жасөспірімдерге мектеп басшылығымен бірігіп, атсалысып жүрген ата-аналарды марапаттау сәтімен қорытындыланды.

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT