Қыздарға әсемдік жарасады

Сарытоғай мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесі ұйымдастыруымен, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдауымен «Қыз қылығымен» атты «дөңгелек үстел» өтті. Оған комиссия мүшелері, аналар, әжелер кеңесі мүшелері, көп балалы, ардагер аналар, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

- «Дөңгелек үстел» ұйымдастырудағы мақсат – қыз балаға ұлттық тәрбие беру, инабаттылық пен ізеттілікті дәріптеу, қазақ халқының салт- дәстүрін, ұлттық құндылығын қыз жүрегіне ұялату. Шара барысында көп балалы аналар бала тәрбиесіндегі көпжылдық тәжірибелерімен бөлісіп, қыздарға ақыл-кеңестерін берді. Қыздарға қатысты салт-дәстүр, әдет- ғұрыптар, адамгершілік мәселелерін қозғады. Ардагер ұстаз Сағида Шалта­нова қыз ибасы, «қызға қырық үйден тыйым» дегендей, ырым-тыйымдарға, ұлттық киімдерге тоқталды.

– Бұрынғы кезде қызды бөтен үйге қондырмаған. Кеңес заманында қыздар жөнінде көп әңгіме айтылмай­тын. Ал қазіргі кезде бөтен үйге қону да бар, арасында жоғалып кетіп жатқан қыздар да көп. Бұның бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Шаңырақта өзім екі қыз тәрбиелеп өсірген анамын. Екеуі де жоғары білім алып, жұмыс жасап, өзге үйдің шамын жағып, тұрмыс құрды. Қыздарыма жастайынан жақсы тәлім-тәрбие бердім деген ойдамын. Өз басым жас қыздардың шашты жайып жүретінін онша құптамаймын. Бұрын бойжеткен қыздар қызыл орамал таққан, тақия киген. Шашты жіберіп, жайып жүру мүмкін сән шығар. Дегенмен, шашты өріп, не түйіп қойған артық етпейді. Ас әзірлегенде орамал таққан дұрыс. Өйткені шашың әзірлеп жатқан асқа түсуі мүмкін. Шашты жел ұшырып, құс әкетсе, адам ауруға ұшырап жатады. Сондықтан шаш мәселесін де назар­дан тыс қалдырмау керек. Ұлттық киім – қазақтың ең құнды тұмарындай қасиетті дүниесі. Оны ата-бабадан бері сақтап келеміз. Бұдан 30-35 жыл бұрын оны тек сахнадан ғана көретінбіз. Қазір шүкір, қыз-келіншектер, тіпті жігіттер мен орта жастан асқан аза­маттарымыз дәстүрді жаңғыртып, күнделікті өмірде де киіп, үлгі көрсетіп жүр. Жалпы ұлттық киім адамның мінезіне өте-мөте байланысты деп ой­лаймын. Әр оюдың өзіндік сыры бар. Өткен жылы Ақтау қаласында 5000 адам ұлттық киім киіп шықты. Арасын­да біз көрмеген киімдер, бөкебайлар да кездесті. Ұлттық киім дәстүрімізге енген – құптарлық жайт. Қазір той­да, ұлттық мерекелерде, үлкен жиын, салтанаттарда, қыз ұзату, келін түсіру, құдалық, қонақ күткенде де ұлттық киімдермен шығады. Қандай жара­сымды!- деп Сағида апамыз әңгімесін аяқтады.

Көп балалы ардақты ана Райса До­санова ұл-қыздарына әрқашан төсек- орнын жинаудан бастап, мектеп формасын күтіп кию, үлкенді сыйла­уды, олардың алдынан кесе-көлденең өтпеуді назардан тыс қалдырмағанын айтты. Қыз баланың сөйлеу мәдениеті жөнінде аудандық полиция бөлімінің қоғамдыққауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арай­лым Сапарғалиева тоқталды. Ол ибалы, ізетті, тәрбиелі қыздармен қатар туған үйінен, отбасынан қашып кететін, өзге жерден пана, жылулық іздейтін, жат ағымдардың шырмауына түсіп жатқан бойжеткендер де барын жасырмады.

Қатысушылардың білім көкжиегін тексеру мақсатында қазақтың мақал- мәтелдері жасырылып, викториналық сұрақтар қойылды. «Дөңгелек үстелді» аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хат­шысы Гүлнар Қырықбайқызы қорытындылап, шараға қатысқан аналар мен қыздарға ризашылығын білдірді. Шараға белсене қатысқан ұстаздар, жоғары сыныптың оқушылары аудан әкімінің орынба­сары М.Ербөлектің Алғыс хатымен марапатталды. Аудандық әйелдер кеңесі төрайымы Тойған Сариева да «дөңгелек үстелге» қатысып, өз ойын білдірген аналар Сағида Шалтанова, Сара Бекешова, Райса Досанованы марапаттап, ескерткіш сыйлықтарын ұсынды.

Ұстаз Бақытгүл Жолдығалиева да тағылымды шара үшін алғыс айтып, өзі де отбасында екі қыз тәрбиелеп отырғанын айтып, қыздарының болашағы үшін алаңдайтынын тілге тиек етті. Шара аясында ән мен жырдан шашу шашылып, қыз тәрбиесі жөніндегі кітап көрмесі ұйымдастырылды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT