Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллект технологиясын денсаулық сақтау саласына енгізу – уақыт талабы екенін нақты айтты. Бұл бастама – еліміздің медицина жүйесін түбегейлі жаңғыртудың маңызды қадамы.
Бүгінгі таңда медицина саласында ақпараттың жылдам әрі нақты болуы, деректердің дұрыс талдануы, әр науқасқа жекелей тәсіл қолдану – сапалы қызметтің басты шарты. Осы тұрғыда жасанды интеллект дәрігердің көмекшісіне айналып, диагноз қоюдан бастап емдеу сапасын бақылауға дейінгі үдерістерді жетілдіреді. Мұндай технологиялар адамның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Президент тапсырмасында айтылғандай, медицина қызметтерінің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе құру – ашықтық пен әділеттіліктің кепілі. Бұл жүйе арқылы халыққа көрсетілетін қызмет нақты бағаланып, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер жедел анықталып, дер кезінде шешім қабылданады.
Ауыл мен аудан халқы үшін мұндай технологиялық өзгерістердің маңызы ерекше. Себебі шалғай елді мекендерде медициналық көмекке қолжетімділік артса, тұрғындардың өмір сапасы да жақсарады. Қазірдің өзінде аудандық емдеу мекемелерінде заманауи жабдықтар орнатылып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық даму – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі күш. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектті қолдану – болашаққа жасалған сенімді қадам. Бұл бастама халықтың денсаулығын жақсартуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және ел игілігіне бағытталған нақты іс-шаралардың бірі болмақ.
Д.Избасарова

