Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін басқару жүйесін жетілдірудің маңызын атап өтті. Мемлекеттік сектордағы жұмыс мәдениетін жақсарту, озық басқару тәжірибелері мен цифрлық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өзекті талабы екені анық.
Бұл міндеттер мәдениет саласына да тікелей қатысты. Қазіргі қоғамда цифрландыру мәдениет пен өнер кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бүгінде мәдениет үйінің режиссері тек сахналық қойылым мен концерт ұйымдастырушы ғана емес, ол – заманауи технологияларды меңгерген, көрермен сұранысын сезіне алатын, шығармашылық пен цифрлық мүмкіндікті үйлестіре білетін маман.
Мәдениет саласының басты мақсаты – көрерменге мазмұнды, сапалы әрі әсерлі бағдарламалар ұсыну. Осы жолда жасанды интеллект режиссер жұмысының сенімді серіктесіне айналып келеді. Сценарий жазу, іс-шара тұжырымдамасын жасау, концерт пен қойылым құрылымын ойластыру секілді күрделі үдерістерде жасанды интеллект идеяларды жүйелеуге, ойды ықшам әрі түсінікті жеткізуге көмектеседі. Ол шығармашылықты алмастырмайды, керісінше тың шешімдер табуға жол ашады.
Қазіргі мәдени іс-шараларды ЛЭД экрандар мен визуалды контентсіз елестету мүмкін емес. Сахналық көрініс пен экрандағы бейнематериалдың үйлесуі көрермен әсерін еселей түседі. Бұл тұрғыда жасанды интеллект пен Canva секілді цифрлық платформалар афиша, шақыру билеттері, слайдтар, бейнероликтер мен фондық композицияларды заманауи талапқа сай әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұның өзі мәдени шаралардың көркемдік деңгейін көтеріп, аудитория назарын арттырады.
Сонымен қатар жасанды интеллект репертуар таңдауда да маңызды құралға айналып отыр. Қоғамдағы өзекті тақырыптарды талдау, әртүрлі жас ерекшелігіне сай мазмұн ұсыну арқылы тәрбиелік әрі танымдық мәні жоғары бағдарламалар жасауға жол ашады. Көрермен талғамын ескеру, уақыт талабына сай ұсыныс беру – бүгінгі режиссер үшін кәсіби жауапкершілік.
Ұйымдастыру жұмыстары да цифрлық технологиялардың көмегімен әлдеқайда жүйелене түседі. Іс-шара кестесін құру, дайындық кезеңдерін жоспарлау, шығармашылық ұжыммен жұмысты үйлестіру секілді уақытты көп алатын міндеттер оңтайланып, режиссердің негізгі назарын шығармашылық ізденіске бағыттауға мүмкіндік береді.
Қорытындылай айтқанда, Мемлекет басшысы атап өткен цифрлық басқару мен жасанды интеллектті тиімді пайдалану идеясы мәдениет саласында да нақты іске асырылып келеді. Жасанды интеллект – цифрлық мәдениет дәуіріндегі режиссер үшін жұмысты жеңілдететін ғана емес, шығармашылық көкжиегін кеңейтетін маңызды құрал. Цифрлық мәдениет – бүгінгі күннің шындығы, ал оны тиімді пайдалану – заманауи мәдениет қызметкерінің кәсіби міндеті.
Элеонора ПАЙЗУЛЛАЕВА,
аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері


