Жаңа Конституция жобасында Қазақстан адами капиталдың, білім, ғылым және инновациялардың дамуын мемлекеттің стратегиялық қызметінің негізгі бағыты ретінде айқындауы – уақыт талабынан туындаған аса маңызды шешім. Өйткені елдің ертеңі ең алдымен білімді ұрпаққа, сапалы тәрбие мен ғылымға тікелей байланысты.
Ата Заң – азамат пен мемлекеттің арасындағы құқық пен міндеттің теңдігін айқындайтын басты құжат. Ондағы әрбір өзгеріс тек құқықтық нормаларды жаңарту емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын нақтылауға бағытталған. Сондықтан Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау, заң алдындағы теңдік, жауапты билік қағидаттарының күшейтілуі – әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп санаймын.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия ұсынған жаңа жоба преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Бұрынғы 104 баптың 77-сіне түзету енгізілуі Ата Заң мәтінінің басым бөлігі жаңарғанын көрсетеді. Бұл – формалды өзгеріс емес, мазмұндық тұрғыдан жаңарған, заман талабына сай Конституция қалыптастыруға жасалған нақты әрекет.
Білім беру саласына қатысты нормаларға ерекше назар аудару қажет. Жаңа Конституция жобасының 33-бабының 5-тармағында діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталатыны нақты көрсетілген. Бұл – көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан үшін аса маңызды қағидат. Зайырлы білім – қоғамдағы тұрақтылықтың, ғылым мен сыни ойлаудың, толерантты көзқарастың негізі.
Конституция – бір күндік емес, ұзақ мерзімге арналған негізгі заң. Сондықтан оны қабылдау үдерісінде әрбір азаматтың пікірі маңызды. Қоғамдық талқылау арқылы халықтың үнін ескеру – шын мәніндегі демократиялық қоғамның белгісі. Жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына, білімді ұрпақ тәрбиелеуге және әділ қоғам құруға қызмет етеді деп сенемін.
Самат ЖАЙЛАШЕВ,
білім беру саласының ардагері,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы


