Жаңа спорт кешені – ел игілігіне

Жыл соңын жағымды жаңалықпен түйіндеу – ел еңсесін көтеретін игі үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу, балалар мен жастардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Бейбарыс ауылында заманауи спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының өкілдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен спорт саласының мамандары қатысты. Аталған спорт кешені Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде «Абдухатов» жеке кәсіпкерлігінің мердігерлігімен салынды. Жаңа нысан барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.

Жаңа спорт кешенінде футбол, волейбол, бокс, дзюдо, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен шәкірттер тәрбиеленетін болады. Бұл ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізіп, қабілеттерін шыңдауға және болашақта үлкен спортқа қадам басуына жол ашпақ. Салтанатты жиында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев тұрғындарды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, балалардың спортпен еркін шұғылдануына барынша жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

– Биыл ғана құрылысы басталған нысанның бүгін ашылып отырғанына қуаныштымыз. Ауыл балалары үшін емін-еркін спортпен айналысуына барлық жағдайды жасауға дайынбыз. «Чемпиондар ауылдан шығады» деген сөз бар. Осы ауылдан да аудан, облыс, ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп шықсын. Бұл тұрғыда ауылдағы жаттықтырушылар барын салып жұмыс істеп келеді. Жаңа спорт кешені ел игілігіне қызмет ете берсін,- деді аудан басшысы. 

Шара барысында спорт кешенінің символикалық кілті аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Дүйсембайұлына табысталды. Ал нысанның лентасын Бейбарыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүйеуғали Мұқашев пен аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев қиды. 

Айта кетейік, дәл осындай типтегі спорт кешені Ақтоғай ауылында да салынып, қазіргі таңда ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Жыл аяқталар тұста пайдалануға берілген бұл спорт нысаны ауыл балалары мен жастары үшін тың мүмкіндікке айналмақ. Алдағы уақытта осындай игі жобалар арқылы ауыл спорты дамып, ел мерейін асқақтататын чемпиондар тәрбиеленеді деген сенім мол. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT